Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда "Болашақ" оқу бағдарламасына жаңа өзгерістер енгізілді

Қазақстан Республикасы үкіметінің 2020 жылғы 6 мамырдағы №271 Қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын анықтау ережелеріне өзгерістер енгізілді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелері барлығына бірдей мүмкіндіктер ұсынады. Барлық квоталық санаттар алынып тасталды.

Осы жылдан бастап «Болашақ» стипендиясының конкурсына ауылдық елді мекендерден келген үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыртуға ие талапкерлер ғана қатыса алады.
Өзгерістер ең алдымен «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді конкурстық іріктеу процесіне, сондай-ақ конкурсқа қатысудың бастапқы талаптарына қатысты. 

Конкурстық кезеңдер саны 6-дан 3-ке дейін қысқартылды, атап айтқанда уәждемелік пен ұсыныс хаттарды бағалаудың іріктеу кезеңдері, сонымен қатар мемлекеттік және шет тілдерін білуге арналған кезеңдер алынып тасталды. Үміткерлер өздігінен тест тапсырып, құжат өткізген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификаттарын ұсынуы керек. Ауылдық жерлерден келген үміткерлер қосымша шет тілін білу туралы сертификаттарды ұсынады.

Мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтауға арналған сынақ Ұлттық тестілеу орталығының аймақтық филиалдарында өткізіледі.

Іріктеу кезеңдері мыналарды қамтиды:

1-кезең: Интеллектуалды қабілет деңгейін, жеке және іскерлік қабілеттерін, шетелде оқуға психологиялық дайындығын анықтайтын кешенді тест;

2-кезең: Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелерімен жеке сұхбат;

3-кезең: Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы.

Айта кетерлігі, жаңа ережеде алдын-ала тілдік оқыту алынып тасталды. Ол тек ауылдық жерлерден келген талапкерлер үшін сақталады және 6 ай мерзімі ішінде ағылшын тілін үйрену Қазақстан Республикасының аумағында өткізіледі.

«Болашақ» стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа Ережелеріне сәйкес, ауылдық елді мекендерден қатысатын үміткерлер тек соңғы 3 жыл ішінде ауылдық жерлерде тұрып және оның 2 жылын жұмыс істеуге арнаған жағдайда ғана конкурсқа қатыса алады.

Басымдық берілген мамандықтар тізбесі еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы жасалады.

2020 жылға арналған «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсының жеңімпаздарына ұсынынылатын жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың және тілдік курстар тізімінің жобасы қазір келісілу үстінде. Әлемнің жетекші университеттері тізімінің жобасы мынадай халықаралық академиялық рейтингтер бойынша анықталады: QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education World University Rankings, The U.S. News & World Report Best Global University Ranking.

Сонымен қатар, Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының (ТСК) құрамы мен жұмыс регламентіне өзгерістер енгізілуде. Комиссия жұмысын қатаң реттей отырып, оның ашықтығын барынша күшейту жоспарлануда. 
«Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдау және стипендия тағайындау конкурсын өткізу мерзімі құжаттарды қабылдау уақытынан 10 (он) күнтізбелік күн бұрын Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Қаулы Қазақстан Республикасы Үкіметінің интернет-ресурсында алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Мұны мына сілтеме арқылы көруіңізге болады.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 қаулысымен бекітілген. Бағдарламаның 26 жылы ішінде 13 870 стипендия тағайындалды, оның ішінде түрлі салаларда 10 747 маман оқытылды.

Талқылау