Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда биыл жаз басталғалы 16 адам суға батып кетті: Олар тыйым салынған жерлерде жүзген

Суға түсу маусымы басталғалы бері елімізде 16 адам суға батып кеткен. Оның тоғызы — бала. Қайғылы жағдайдың басым көпшілігі шомылуға тыйым салынған жерлерде болған. Осыған байланысты республика бойынша бақылау шаралары күшейтіліп, су маңында рейд жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

батып кеттіФото: Pixabay.com

Биыл елордада жаз жылдағыдан ыстық. Сынап бағанасы 28 градусты көрсетті.

Астаналықтар Есіл жағасына жиі барады. Қала аумағында 21 су айдыны бар. Оның бесеуінде ғана шомылуға рұқсат етілген. Олар ақылы болғандықтан, жұрт оған барғысы келмейді. Сондықтан ақша сұрамайтын, бірақ тыйым салынған жерлерде шомылады. Әсіресе қараусыз жүрген балалар осыған жиі барады. Ал ересектердің көбі алкоголь ішкеннен соң суда салқындағанды қалайды.

Рұқсат етілмеген жерге шомылып жүрген қала тұрғынына 7 АЕК яғни 25844 теңге айыппұл салынды. Алайда бұл жазадан тайсалып тұрғандар шамалы. Көбі ескертуді елемей, біздің көзімізше қайта суға түсті.

“Балалар кішкентай, суға түскенді қызық көреді. Бірнеше бала жүгіріп келіп суға түседі. Бір-бірін итереді. Қауіпсіздік шарасын жүргізіп, ескерту қағазын күнделікті таратамыз. Оқымайды, кейбірі тіпті елемейді. Балалар тыңдамайды”, – деді құтқарушы Мирас Медетұлы.

Бірер күн бұрын 17 жастағы қала тұрғыны суға кетіп мерт болды. Құтқарушылар келіп жеткенше, жасөспірім жан тапсырды.

“Екі бала бәстесіп, біреуі суға кетіп мерт болды. Жағаға жете алмай, ортасына батып кеткен. 2023 жылы төрт орын болды. 2024 жылы бес орын. Жыл сайын көбейтіп жатырмыз”, – деді Астана ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Аңсар Балташев.

Қалалық төтенше жағдай департаменті биылғы шомылу маусымына дайын. Құтқарушы-сүңгуірлердің саны артып, жедел-құтқару техникасы, жүзу құралдары көбейген. Олар енді сағат сайын өзен бойын бақылайды.
 

Талқылау