Қазақстанда биыл түрлі мамандықтарға оқуға түсудің шекті балы белгілі болды
Ғылым және жоғары білім министрлігі биыл мектеп бітіретін оқушылар ЖОО-ға түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуден қанша бал жинау керегін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
2024 жылы жоғары оқу орындарына түсудің шекті балы белгілі болды.
- ЖОО-ға негізгі бағыттар бойынша шекті балы – 50 балл;
- Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – 65 балл;
- Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина)" мамандығы бойынша – кемінде 70 балл;
- "Құқық" және "Педагогика ғылымдары" білім беру бағдарламалары бойынша шекті балл – 75 балл;
- "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" үшін – кемінде 60 балл.
Шығармашылық емтихан тапсыратындар оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан кемінде 3 балл және Қазақстан тарихы пәнінен 5 балл жинауы тиіс. Яғни кемінде 11 балл жинауы қажет.
Министрлік жоғары білім беру бойынша 2024-2025 оқу жылына арналған гранттардың тізімін жариялады. Биыл жоғары оқу орындарында оқуға 112 мың грант бөлінген. Соның ішінде бакалавриатқа түсу үшін 79 мың, магистратураға 13 мыңға жуық, докторантураға түсуге 1 900-тан астам грант бөлінді.
- "Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары" білім беру бағдарлама топтарына –19 344,
- "Педагогикалық ғылымдарға" – 13 735,
- "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" саласына – 10 903,
- "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика" бағытына – 8 288 грант тиесілі.
Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар гранттар енгізілді. "Педагогикалық ғылымдар" және "Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат" бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген.
"Серпін" бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген. "Серпін" жобасы арқылы педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсуге болады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Оқу бітіргесін грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Енді грантты 11 аймақта өтеу мүмкіндігі бар”, – деп мәлімдеді ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім гранттары бар. Олар Атырау және Маңғыстау облысы түлектеріне арналған.
2024-2025 оқу жылына аталмыш облыс талапкерлері үшін 3 200 грант бөлінген. Негізгі жаңашыл басымдықтары педагогикалық, өнер және гуманитарлық, IT, әлеуметтік, экономикалық, құқық, инженерлік сынды дайындық бағыттарының тізбесі кеңейтілген.
Сонымен қатар қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша колледж түлектеріне гранттар конкурсына қатысу мүмкіндігі ұсынылған. Осылайша Маңғыстау және Атырау облыстарының талапкерлері еліміздің 40-тан астам жетекші жоғары оқу орындарында білім ала алады.
Еске салсақ, бұған дейін мемлекеттік білім беру гранттарының тізімі жарияланды.