Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бала дүниеге келгені үшін 4,2 миллион теңге төлеу ұсынылды

Депутаттар Қазақстанда ана капиталын енгізіп, бала дүниеге келгені үшін 4,2 миллион теңге төлеуді ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"ЮНИСЕФ-тің зерттеуіне сәйкес, қазақстандық балалардың 15,6 пайызы ең төменгі деңгейдегі отбасыларда тұрады. Отандық зерттеушілердің пікірі бойынша, көпбалалы отбасылар кедейліктің факторына айналуда. Кедейлердің 80 пайыздан астамы бес немесе одан да көп баласы бар отбасылар. Статистикаға сүйенсек, біздің елде 340 мыңнан астам көп балалы отбасы бар", - деді мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов.

Ол жалғыз, екі немесе үш баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана немесе жалғызбасты әкенің де қиындықтары бар екенін, бірақ әлеуметтік қолдауға мұқтаждар санатына жатпайтынын атап өтті. Елде мұндай отбасылардың саны 500000-нан астам болуы мүмкін және олардың басым көпшілігі жалғызбасты аналар. 

"Елімізде ана капиталын енгізу және бала өмірге келгені үшін 4,2 млн көлемінде жәрдемақы беруді дұрыс деп санаймын. Бұл қаражат тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрмыстық жағдайын жақсартуға, баланың білім алуына, анасының зейнетақы жинақтауына жұмсалады", - дейді Смайлов. 

Оған қоса депутат Айжан Сқақова үкімет басшысы орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдаған депутат қазіргі таңда балаға толығымен жағдай жасау ата-ана үшін қиын екенін айтты. Ол бұл мәселе үкімет тарапынан шешілгенін қалайды. 

"Үкімет ана мен балаға қамқорлық көрсетуді маңызды істердің бірі ретінде қарастыруда. Баланың туылуы әйелдің өміріндегі ең қиын кезең. Бұл үлкен еңбек пен жауапкершілікті талап етеді. Әйелдер декреттік демалысқа шығып, баласына бір жастан үш жасқа дейін қамқорлық көрсетеді. Көптеген жағдайда әйел адам жұмыс істей алмайды. Өйткені үш жасқа дейін балаға ерекше күтім қажет. Одан бөлек бала өмірге келгеннен бастап ата-аналардың шығындары артады. Толық отбасыларда тек әкесі жұмыс жасаса, толық емес отбасыларда ешкім жұмыс жасамайды. Отбасыларды материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету керек", - дейді депутат. 

Оған қоса, депутаттар балаларға төленетін қаражат мөлшерінің тұтқындарға бөлінетін қаражаттан бес есеге аз екенін айтты.



"Баланың туылғаны үшін аналарға берілетін қаржылай көмек бірінші балаға 5 АЕК-тен, төрттен артық балаға 9 АЕК-тен бекітілген. Балаға күтімі үшін берілетін жәрдемақының құны 14 мың шамасында болса, тұтқындалған адамға айына 80 мың шамасындағы қаржы бөлінеді. Бұлардың арасындағы айырмашылық бес есе. Елімізге бала маңызды ма, әлде тұтқындағы адам маңызды ма?" - дейді Сқақова. 

Депутат төленетін декреттік демалыс уақытын ұзарту керек екенін жеткізді. Оған қоса, балаларға арналған арнайы себет әзірлеу ұсынылды.  

"Қазақстанның халық партиясы депутаттары бір балаға берілетін жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін көбейтуді сұрайды. Оған қоса, төленетін декреттік демалыс мерзімін екі жылға дейін созуды, балаларға арналған тұтынушылық себет дайындауды сұраймыз", - дейді депутат. 

Еске салсақ, осыған дейін қазақстандық депутат әлеуметтік жәрдемақыларды 2 есе арттыруды ұсынған болатын.

Талқылау