Қазақстанда автонесиелеу көлемі артып, ипотека рәсімдейтіндер азайған
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда автонесие деңгейі өсіп, ипотека рәсімдейтіндердің саны азайған. Сонымен қатар ипотека рәсімдейтін азаматтар арасында жастардың үлесі көбейіп келеді. Ал автонесие деңгейінің өсуі көліктің қымбаттауына әсер еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Бірінші несие бюросына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандағы жалпы несие портфелі 2024 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша 44,2 триллион теңге деп бағаланды. Оның ішінде 55,7%-ы немесе 24,6 триллион теңгесі бизнеске арналған несиелер болса, 19,6 триллионы немесе 44,3%-ы бөлшек несие екен.
Елімізде 2023 жылы халық саны 20 миллионнан асқаны белгілі. Оның ішінде 8,63 миллион адамның несиесі бар.
Елдегі ипотекалық несие жағдайы туралы
2023 жылдың қорытындысы бойынша ипотекалық несиенің қарқыны бәсеңдеп, 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 17,3%-ға (1,8 триллион теңге) азайған. Осылайша былтыр барлығы 116,6 мың ипотека рәсімделіпті.
Айта кетері, жыл өте Қазақстанда ипотека рәсімдейтін азаматтар арасында жастардың үлесі көбейіп келеді. Мәселен, 2023-те ипотекалық несие алғандардың бестен бірі немесе 20%-ы 30 жасқа дейінгілер екен. Өткен жыл бойынша рәсімделген ипотеканың медиандық сомасы 13 миллион теңге, ал орташа сомасы 15 миллион теңге болған. Ал ең жоғарғы сомасы 2,1 миллиард теңге екен.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ипотекалық несие портфелі 5,8 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде 61%-ы 2022-2023 жылдары рәсімделген "жаңа" несиелер.
Автонесиелеу саласы 2023 жылы қарқынды дамыды
2022 жылмен салыстырғанда былтыр рәсімделген автонесие сомасы 2 есеге көп. Мысалы, 2022 жылы автонесиенің жалпы көлемі 708,5 миллиард теңге болса, 2023-те 1,6 триллион теңгеге жеткен. Сарапшылардың сөзінше, мұндай қарқынды дамуға қарыз алушылардың белсенділігі себеп болып отыр.
Осылайша былтыр барлығы 208,4 мың автонесие рәсімделіпті. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 72,8% немесе 87,8 мың көп. Автонесиелеудің дамуы көліктің қымбаттауына алып келген. Дегенмен желтоқсанда несиеге рәсімделген көліктердің орташа құны 7,9 миллион болыпты. Ал баға өсімі небәрі 9,7% немесе 700 мың теңге.
2023 жылдың желтоқсанында барлығы 23,5 мың автонесиелеу шарты жасалған. Оның жалпы құны 178 миллиард теңгеден асады. Айта кетері, автонесиені микроқаржы ұйымдары арқылы рәсімдеу әлдеқайда қымбатқа түседі. Мысалы, екінші деңгейлі банктерде сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 22,2% болса, микроқаржы ұйымдарында бұл көрсеткіш 40,8% екен. Дегенмен автонесиелеу нарығының 30,6%-ы микроқаржы ұйымдарына келеді.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша автонесиелеу нарығының портфелі 2,5 триллион теңге болды. Бұл 1 жыл бұрынғы көрсеткіштен 1 триллион көп.