Қазақстанда пәтер жалдау ақысы тағы 10-15% қымбаттайды – сарапшылар
Қазакқстанда соңғы тәулікте пәтерін қымбатқа өткізгісі келген үй иелері бағаны бірден 2 есе көтерген. Ал, сұрағанын өтей алмаған тұрғындардан үйді тез арада босатуды сұрап, кейбірін, қуып шыққан. Сарапшылар, жағдайға қатысты болжам жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Пәтерден қуылып, далада қалғандардың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Олардың арасында 3 балалы жалғызбасты ана да бар.
“Төлей алмадым. Сосын бала-шағаммен түнде шығарып жіберді. Міне, енді түстен кейін ауылға шығамыз. Түркістан жаққа. Алматыда тұрып жүргенбіз”, –дейді келіншек.
Ал, астаналық Айдана есімді студент осыған дейін бір бөлмелі пәтерді құрбыларымен бірге 100 мың теңгеге жалдаған. Алайда, үй иесі бір-ақ күнде пәтер құнының барлық жерде қымбаттап жатқанын айтып, бірден 50 мың теңгеге көтеріп жіберіпті.
“100 мыңға жалдап тұратын пәтерді иесі 150 мыңға көтеріп бағасын қымбаттатып жіберді. Төлесеңдер төлеңдер, төлемесеңдер онда тезірек бір күннің ішінде босатып беріңдер, сендердің орындарыңа басқа адам аламын деген секілді бізге солай айтып жатыр”, – дейді Айдана.
Баспана жөніндегі мамандар да пәтер иелерінің бағаны негізсіз көтергеніне алаңдап отыр. Айтуларынша, бұған ел ішіндегі ақпараттық дүрбелең себеп болған көрінеді.
“Сұраныс өте көп қазіргі таңда. Барынша көмектесуге тырысып жатырмыз. Бұл жерде бір қорқытатыны пәтер бағасының өсіп кетуі. Білесіз пәтер иелерінің қолдан көтеруі. Енді ажиотажға беріліп бағанын бәрін көтеріп, өзіміздің қарапайым қазақ зардап шегіп, шырылдап қалмаса екен деген мақсат”, – дейді баспана жөніндегі маман Айнұр Сүгірбекова.
Мамандар баспананы жалға алған кезде міндетті түрде келісімшартқа отыру керек екенін ескертеді. Егер заңды келісім болмаса, пәтер иесі кез келген сәтте жалдаушыдан баспананы босатуды талап етіп, жалдау құнын да өсіре алады. Ал, құжат жүзінде келісім болса, пәтер иесі үй ақысын негізсіз көтеруге құқығы жоқ.
“Келісім шартта жанағы жағдайлардың барлығы, түгелі уақыты, мезгілін, шарттарын бекіту керек. Мысалы, бір жылға жалдады ма пәтерді бір жылдың ішінде 150 мың екі бөлмелі пәтер болса, бір жылдың ішінде пәтер иесі бұның бағасын көтеруге өз еркімен құқылы емес”, – дейді адвокат Ерқанат Бейсенов.
Қазір Астананың оң жағалауындағы 1 бөлмелі пәтер кемінде 150-180 мың теңге, 2 бөлмелі пәтер –180 мың мен 300 мыңның арасында. Ал, 3 бөлмелі үйдің құны 500 мыңнан кем емес. Сәулеті келіскен тұрғын үйде тұрамын десеңіз, бір айда миллион төлеуге дайындалыңыз. Бұл – елордадағы арзан баға. Ал кейбір сарапшылар, пәтер ақысының алдағы уақытта әлде де қымбаттайтынын айтады. Шамамен, 10--15 процент өседі деген болжам бар.