Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әншілер сахнадағы әдепсіз қылықтары мен халықтан жасырып фонограмма қолданғаны үшін айыппұл төлейді

Қазақстандық әртістер мен концерт ұйымдастырушыларының сахнадағы әдепсіз әрекеттері және фонограммамен орындағаны туралы ақпаратты жасырғаны үшін айыппұл салу ұсынылды. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды. 

Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, жоба қамтыған негізгі бағыттар – кітапхана және баспа ісі, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу мәселелері және шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты түзетулер болып отыр. Әсіресе, Қазақстанда кейбір әртістердің әрекетін реттеу мәселесі өзекті. 

"Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнаға ұқыпсыз күйде шығу үрдісі болып отыр. Сондай-ақ, жоспарлаған концерттік бағдарламаны орындамау, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалануға жол берілген фактілер де бар. Осыған байланысты заң жобасы аясында орындаушылардың осындай мінез-құлқына жол бермеу бойынша бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы осы мәселелерді барынша реттеуге тырыстық", - деді министр.

Райымқұлова әртістер тарататын контент Конституция нормаларына және жалпы қабылданған жалпыадамзаттық нормаларға сәйкес келуі тиіс екенін атап өтті.

"Осы талаптарға қайшы келетін контентті пайдалануға тыйым салынады. Оның ішінде  әртістердің өздеріне сай мінез-құлқы және біздің моральға жат мінез-құлыққа жол бермеу қарастырылады. Ең маңызды нормалардың бірі - музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограммаларды қолдануы туралы көрерменді хабарлау. Фонограммаларды пайдалану тәртібін заңға тәуелді актіде айқындалады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді", - деді министр.

Айта кетейік, фонограмма туралы алдын ала хабарламаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Талқылау