Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алдағы уақытта оқушылар мен студенттер мәжбүрлі түрде наркоскринингтен өтпек

Мәжіліс депутаттары қазір "Есірткі, психотроптық заттар мен олардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері" жөніндегі заң жобасына тиісті түзетулер енгізіп жатыр. Жаңа құжатқа сәйкес есірткі қолданып, көлік жүргізетіндер үш айда бір қан тапсырып тұрмақ. Сондай-ақ алдағы уақытта студенттер мен жоғары сынып оқушыларынан мәжбүрлі түрде наркоскрининг өтуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

наркоскрининг

Фото: despositophotos

Қолданыстағы заңнама бойынша есірткіге шегіп, рөлге отырғандар 15 тәулікке қамалып, 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады. Мәжіліс депутаттары түзету енгізіп жатқан жаңа заңға сәйкес енді осы ережені бұзғандар үнемі нарколог-дәрігерлердің бақылауында болып, үш айда бір қан тапсырып отыруға міндеттеледі. Егер азаматтың есірткі шеккені байқалса, бірден диспансерлік есепке алынады.   

“Қазір бізде есірткі заттарын пайдаланудың әсерінен ауытқулар анықталып нарколог, психиатр дәрігерде тіркеуде тұрған науқастардың динамикалық бақылауы ғана бар. Енді бұған жол ережесін бұзғандар қосылмақ”, – деді нарколог-дәрігер Қуаныш Алтынбеков. 

Саясаттанушы Әміржан Қосанов есірткі бизнесімен күрес қағаз жүзінде ғана жүріп жатыр деген пікірде. Ол студенттер мен жоғары сынып оқушыларының арасында есірткіге мәжбүрлі скрининг өткізуді ұсынады.

“Біздің қасымызда жүрген, отбасымыздағы, айналамыздағы, бірге оқып жүрген оқушылар дін-аман ба содан, меніңше осындай нөлдік вариантқа қол жеткізу керек. Яғни ауыл-аймақтағы, қаладағы соның картинасын біліп алайық”, – деді Қосанов.

Саясаттанушы адам құқығы туралы заңнамаға қарамастан, мәжбүрлі қадамға баруымыз керек деп санайды, сонда ғана біз елдегі нашақорлықтың қаншалықты асқынғанын білетін едік дейді. Ішкі Істер министрлігінің өкілдері де бұл бастаманы қолдайтынын мәлімдеп, ата-аналарды, әсіресе, жазғы демалыс уақытында  жасөспірімдерді қадағалауға шақырды. . 

Талқылау