Валютаны сату мен сатып алудағы айырмашылық 100 теңге. Еліміздегі ақша айырбастау пункттері өз жұмыстарын тоқтатты
Қазақстанда Ресейге салынған санкцияларға байланысты теңге бірден құлдырады. Осы себепті бүгін елімізде ақша айырбастау пункттерінің басым бөлігі өз жұмысын тоқтатты. Ал жұмыс істеп жатқан пункттерде доллар бағамы шарықтап тұр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
KASE қор нарығындағы сауда-саттықты Нұр-Сұлтан уақытымен 15:00-ге шегерген. Сонымен қатар қазір нарықтағы сауданы толығымен тоқтату туралы сауалдар көтерілуде.
Нарықтағы сауда франкфурттық аукцион әдісі арқылы ашылады. Бұл – курс бағамына спекулятивті әсерді азайтуға арналған әдіс.
Өз жұмысын жалғастырған ақша айырбастау пункттерінде доллар мен еуроны сату-сатып алудағы айырмашылық 100 теңгеге жеткен.
Мәселен, Еуразия банкі өз мобильді қосымшасында ұсынған курс бағамында долларды сатып алу 450 теңге, ал сату 550 теңгеге тең. Еуроны сатып алу 505,7 теңге болса, сату 605,7 теңге. Рубльге назар аударсақ, сатып алу үшін бар-жоғы 2 теңге ұсынып отыр. Сату құны 6,5 теңге.
Мәліметтер Еуразия және “ЦентрКредит” банктерінен алынды
"ЦентрКредит" банкінің ресми сайтындағы курс бағамы да көңіл қуантарлық емес. Мұнда долларды сатып алу 500 теңге, ал сату 600 теңге. Еуроны 550 теңгеге сатып алып, 670 теңгеге сатуда. 1 рубльді банк 3 теңгеге сатып алса, сату құны 6 теңге.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық сарапшылар Ресейге салынған санкияның елімізге әсері туралы айтқан еді.