AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолданыстағы заттардың бәрінің бағасы өседі": Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға қалай әсер етеді?

Ресейдің Украина жеріне басып кіруі әлем жұртын бейжай қалдырмады. Батыс елдері Путиннің бұл қимылын соғыс деп бағалап, Ресейге қарсы санкциялар легін жаудыруда. Геосаяси аренадағы өзгерістер Қазақстанға да әсер етпей қоймады. Екі күннен бері доллардың 460 теңгеге саудалануы мұның айқын көрінісі. Қазақстандық қаржы сарапшылары шетел валютасының 500 теңгеге жетіп жығылуы мүмкін екенін айтады. Сонымен, Батыс елдері мен Ресейдің арасындағы саяси қақтығыстардың Қазақстанның экономикасына салдары қандай болмақ? Stan.kz тілшісі мамандардан сұрады. 

казахстан россия

"Әлем елдерінің басты мақсаты – Ресей экономикасын құлдырату"

Қазіргі уақыттың өзінде әлемдік экономикада біршама өзгерістер қатты байқалып жатыр. Атап айтсақ Ресей валютасы рубльдің құнсыздануы мен доллардың өсуі. Алдағы уақытта "басып алушы" мемлекеттің экономикасы одан ары құлдырай береді деп күтілуде. Себебі Лондон билігі "Ресейді тоқыратпай санкцияны тоқтатпаймыз" деген болатын. Осы жағдайлар төңірегінде Ресеймен тығыз байланысты Қазақстан экономикасында да біраз кедергілер болатын секілді.

GSB UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Ресейдің өзіне қарсы салынған санкцияларға қосымша жоспары бар.

"Қазіргі таңда Ресейдің ең ірі төрт банкіне (Сбербанк, Газпромбанк, Совкомбанк, Новикомбанк, Альфа банк – ред.) қарсы шектеулер қойылды. Бұл банктермен әлем елдері жұмыс жасауды доғарса, олар белгілі бір дәрежеде зиян көреді. Бұл процесс Ресейге де өз әсерін тигізеді, бірақ осы шараларға Ресей дайын емес деп айтуға негіз жоқ. Себебі олардың Тұрақтандыру қорында 600 млрд долларға жуық қаражат жинап үлгерген. Сондықтан санкциялар Ресейге ауыр тиеді деп айта алмаймын. Өйткені кешегі рубльдің қатты құнсызданып кеткен кезінде Ресейдің ұлттық валютасын тұрақтандыруға тырысқанын байқадық", - дейді ол.

"Инфляция Қазақстанда да өседі"

Қаржы маманы қазақстандық тауарлардың көпшілігі шетелден жеткізілетіндіктен мұның еліміздің экономикасына біршама кері әсерлері болатыны сөзсіз дейді

"Қазірдің өзінде теңге құнсызданып жатыр. Бұл дегеніміз импорттық тауарлардың бағасы өседі деген сөз. Құрылыс материалдары сырттан әкелінеді, сол себепті оның бағасы өссе тұрғын үйдің де бағасы көтерілуі мүмкін. Көп дүниеміз біздің Ресеймен байланысты. Сондықтан инфляция бізде де орын алуы ғажап емес. Ал біздің үкімет осы жылға арналған жоспарын әлі жария етіп үлгерген жоқ. Сондықтан бұл жағдай біздің үкімет үшін тағы бір ауыртпашылық тудырып тұр", - деп түсіндіреді ол.

Экономист осы тұрғыда үкіметке тез арада алдын алу шараларын ойланып, тиісті шешімдер қабылдау керек деп санайды. Оның сөзінше, онсыз да тұрмысы төмен халқымыз мұндай қиыншылықтарға дайын емес.

"Егер де инфляция орын алса, бұл халқымыз үшін жақсы емес. Қазір байқап отырғанымыздай, халықтың табысы артып жатқан жоқ. Осы тұрғыда үкіметтің тарапынан бұл мәселе күн тәртібіне қойылып, шешімін тапқаны дұрыс", - дейді ол.



Қаржы сарапшысы, экономист Арман Байжановтың айтуынша, еліміз үшін тауар алмасу жолдарында қиындық туындайтындықтан күнделікті қолданыстағы заттардың барлығының бағасы өседі.

"Жақын арада рубль ары қарай құлдырай береді, ал бұл біздің теңгемізге әсерін тигізеді. Бұл біздің бүкіл экономикалық тетіктерімізді бір шарпып өтеді. Сондықтан импорттық тауарлар да инфляцияның соңынан өсе береді. Біріншіден, Қазақстан өткен жылдың есебі бойынша 41 млрд долларға тауар импортын жасаған. Ол тауарлардың тең жартысын ТМД елдерінен аламыз. Екіншіден, базалық мөлшерлемені 13% арттырып жібердік. Бұл несиенің пайыздық мөлшерлемесінің артуына алып келеді. Бұл елімізде күнделікті қолданыстағы барлық тауардың бағасы өседі дегенді білдеріді", - дейді Байжанов.

"Қазақстан экономикасы да Ресей түскен құрдымға құлайды"

Экономист Арманжан Байжанов еліміздің экономикасы Ресеймен тығыз байланысты болғаннан кейін көп зиян келетінін жасырмады.

"Кедендік Одақ пен Еуроодақ арқылы біздің тауар айналымымыздың 94% Ресей арқылы келеді. Сол себепті біздің елімізді экономикалық тұрғыдан алда үлкен сынақ күтіп тұр. Бұл жерде туындайтын басты сұрақ – еліміз бұл сынаққа дайын ба? Әлбетте, Ресейдің әскери қимылдары тұтқиылдан басталғандықтан бүкіл әлем мұндай "тосынсыйды” кұтпеген еді. Қазіргі уақытта мемлекеттердің біразы бұл оқиғаға байланысты өз көзқарастарын білдіріп үлгерді. Олардың салған санкцияларының артында да үлкен жұмбақ тұр. Мысалы үшін, АҚШ Ресейді SWIFT-тан (Дүниежүзілік банкаралық қаржы арналар қоғамы – ред.) шығармасақ та, одан үлкен зиян келтіретіндей санкция саламыз деді. Мұның барлығы жауабы қиын жұмбақ секілді. Сондықтан Ресейдің өзімен бірге біздің елімізді де құрдымға алып кете ме деген ой жоқ емес", - деп түсіндірді Байжанов.

Ал экономист Мақсат Халық Қазақстанмен тығыз байланысты Ресейге қойылған шектеулер ел экономикасын артқа шегіндіретініне сенімді екенін айтады.



"Негізі, ия әсерін тигізеді. Нақ сол Ресей секілді құлдырап кетпесек те, экономикалық даму жағынан болсын бұл бізді артқа қарай шегіндіретіні анық. Себебі біздің экономикамыз Ресеймен тығыз байланысты екенін айтып өттік. Алдағы уақытта Ресей біраз қиындықтарға тап болатыны белгілі және бұл өз тұрғысында бізге де әсерін тигізеді", - деп сенімділік білдіреді ол.

Қазақстан экономика тұрақтылығын қалай сақтап қалады?

Экономист, Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмұтова Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ пен ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтату қажеттігін айтады.

"Ұлттық валютамыз теңгені тұрақтандыру және экономиканы сақтап қалу үшін мемлекет шұғыл шараларды қамтамасыз етуі қажет. Кешегі Kaspi Bank, Halyk Bank пен “Казатомпром” акцияларының құлдырауы инвесторлардың саяси тәуекелдерге берген бағасы. Және бұл инвесторлардың тек алғашқы реакциясы. Соғыс басталған күні Нұр-Сұлтанда Қазақстан премьер-министрінің Ресей премьер-министрімен кездесуі еліміздің тәуекелдерін күшейте түсті", - дейді Махмұтова.

Экономист Мақсат Халық мемлекет тарапынан қазіргі оқиғалар төңірегінде шешуші рөл атқаратын шешімдер қажет екенін айтады. Оның айтуынша, Қазақстандағы импорттық тәуелділікті жою қажет.

"Ұлттық банк бұл жағдайларға дер кезінде жауап беріп, қолынан келетін шараларды жасап жатыр. Базалық мөлшерлемені көтеріп, депозиттегі пайыздарды өсіріп, мемлекет тарапынан 10% сыйақы беру арқылы мәселені шешуге тырысып жатыр. Ал үкімет тарапынан қабылданар шешімдерге келетін болсақ, бизнесті қолдау, іскерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу қазір өте өзекті. Әсіресе импортқа тәуелді заттарды өзімізде шығаруды бастау арқылы экономикамызды дұрыс жолға қоюға мүмкіндік аламыз. Мемлекет тарапынан қабылданатын басты шешімдер осы болуы қажет. Тағы айта кетерлігі, бұл шешімдерді тез арада қабылдау қажет өйткені уақыт күттірмейді", - дейді Мақсат Халық.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр