СҚО-да ауыл тұрғындары әкімдіктен үміт болмаған соң шұрық-тесік жолды өздері жөндеп шыққан

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ольшанка ауылының тұрғындары әкімдіктен күткен уәденің орындалмағанына наразы. Ауылға апаратын жолдың жағдайы жылдан-жылға нашарлағандықтан, жұрт шұрық-тесік жолды өз күштерімен жөндеуге кіріскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ольшанка ауылының тұрғындары құрылыс компанияларын күтпей, қолдарына күрек алып, ауылға баратын жолды өздері жөндеген. Олар асфальттың ойылған тұстарына қиыршық тас төсеп, материал жетпеген жерлерге топырақ сеуіп, жолды мүмкіндігінше тегістеген.
Ауыл тұрғыны Анатолий Дранконың айтуынша, тұрғындар бірнеше топқа бөлініп, әркім қолынан келгенше көмек көрсеткен.
“Төрт бригада құрдық. Кімде қандай техника бар, соны шығарды. Кейбірі күрек алып шықты. Үш шақырым жолға қиыршық тас төседік, тағы бір шақырымын топырақпен тегістедік. Осылайша ауылға апаратын жолдың жартысын жөндеп шықтық”, – дейді ол.
Тұрғындардың сөзінше, бұл қадамға олар шарасыздықтан барған. Өйткені ауылға апаратын жалғыз жолдың әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан жедел жәрдем көліктері мен қоғамдық көлік жүргізушілері ауылға кіруден бас тарта бастаған.
“Бірде қан қысымым көтеріліп кетті. Бірақ жедел жәрдем жолдың нашарлығына байланысты ауылға келе алмады. Автобустар да кірмейді. Сондықтан мәселені өзіміз шешуге тура келді”, – дейді ауыл тұрғыны Любовь Блохина.
Ал аудан әкімдігі жөндеу жұмыстарының жобасы әлдеқашан дайын екенін, алайда қаржы бөлінбей отыр дейді.
Қызылжар ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің міндетін атқарушы Бақытжан Ташеваның мәліметінше, үш жыл бұрын жолды жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
“Алайда жөндеу жұмыстарын бастауға қаржы жоқ. 9,5 шақырым жолды жөндеуге шамамен 500 миллион теңге қажет. Қазір қаржы бөлінуін күтіп отырмыз”, – деді ол.
Петропавл қаласынан небәрі 30 шақырым жерде орналасқан Ольшанка ауылына апаратын жолдың қашан жөнделетіні әзірге белгісіз. Жауаптылар нақты мерзімді айта алмай отыр.
Ал тұрғындар жолдың қазіргі жағдайын көрсететін фото-видеоматериалдарды облыс әкіміне жолдамақ. Себебі олар аудандық шенеуніктерден нәтиже күтуден шаршаған.
Қазақстанда ипотека не себепті қымбат: Нарықтағы әділ баға қандай болуы керек