Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум өткізуге 15,5 миллиард теңге жұмсалады

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина Қазақстанда Атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізуге қанша қаражат жұмсалатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: @rnppofficial

Мұстафинаның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы референдумның болжамды сметасын әзірлеп, үкіметтің қарауына ұсынып жатыр. 

"Шығындардың жалпы сомасы, біздің бағалауымыз бойынша, 15,5 миллиард теңге. Бұл сома 63 мемлекетте орналасқан және ашылған 78 шетелдік сайлау учаскелерінде республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуді қамтиды", – деді Мұстафина. 



Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, АЭС құрылысы бойынша референдум 6 қазанда сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Кейбір учаскелерде дауыс беру уақыты өзгертілуі мүмкін.

Дауыс беру нәтижелері 7 күн ішінде жарияланады. Барлығы 10 мың 327 сайлау учаскесі ашылады, оның 72-сі Қазақстаннан тыс жерде. 2024 жылы 1 шілдедегі жағдай бойынша 12 миллион 176 мың 968 азамат дауыс бере алады. 

Еске салайық, мемлекет басшысы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған жолдауында АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтетінін хабарлаған еді. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылаулар өтті. Талқылау соңы қақтығыс пен дауға ұласты. АЭС салу керек деген топ Қазақстанда энергия тапшылығы барған сайын ушыға беретінін және бұған балама бола алатын тұрақты энергия көзі, жел мен Күн энергиясы өндіретін қуат тұрақсыз екенін айтты.

 

Талқылау