Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда "9-20-25" ипотекалық бағдарламасының қашан іске қосылатыны белгілі болды

Қазақстанда "9-20-25" ипотекалық бағдарламасының қашан іске қосылатыны белгілі болды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Халықтың да қолдауына ие болған бағдарламалардың бірі – "7-20-25", бірақ оны жүзеге асыру қаржыны қажет етеді. Ұлттық банк өз лимиттерін белгіледі. Бұл шектерде сұраныс жеткіліксіз. Ұлттық банк осындай шектеулер орнатқандықтан, біз үкімет тарапынан "Отбасы" банкімен және "Бәйтерекпен" бірлесе отырып, қазір тағы бір қосымша бағдарлама дайындап жатырмыз – бұл "9-20-25".Бізге біраз уақыт керек. Келесі жылы болады (бағдарламаның басталуы – ред.), – деді премьер-министр Әлихан Смайылов сенат кулуарында.

Әңгіме 25 жыл мерзімге, жылдық 9 пайызбен, 20 пайыздық бастапқы жарнамен ипотекалық несиелендіру туралы болып отыр. "7-20-25" бағдарламасы бойынша жылдық 7 пайызбен несие берілетін.

“Дегенмен, қазіргі жағдайда 9% болса да өте төмен көрсеткіш. Іске асыру үшін қазір есептеулер жүргізіп жатырмыз. Бұл бағдарлама бойынша жыл сайын 8 мың отбасы жалпы сомасы 150 млрд теңгеге ипотека ала алады. Ол үшін нарықтан 100 миллиард теңге тарту керек, ал "Отбасы банкі" таза табысынан 50 миллиард теңге бөлу керек. Осы қаражатты қосқанда 9 пайыздық көрсеткішке жетуіміз керек”, – деп түсіндірді Смайылов.



Бұл бағдарлама жастарға арналады деп күтілуде.

"Отбасы банкінің" басшысы Ләззат Ибрагимова "9-20-25" бағдарламасы бойынша мөлшерлеме бұрынғы "7-20-25" бағдарламасына қарағанда жоғары болатынын айтқан, ол мұның себебін ақша "нарықтан" тартылатынымен түсіндірген.

Бұған дейін Премьер-министр "Отбасы банкінің" мәртебесі туралы айтқан болатын. Бұл жаңа функциялары бар екінші деңгейлі банк болды және болып қала береді, деген еді Смайылов.

Қазақстанда "Отбасы банкін" ұлттық даму институтына айналдырып, оған тұрғын үй секторының функцияларын беруді ұсынып отыр. Тиісті заң жобасын ҚР индустрия және құрылыс министрлігі әзірлеп, парламентке жолдаған. Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бүгінде 2,7 миллион қазақстандық болашақ баспана үшін банкте ақша жинап отыр.

Талқылау