Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 250 жаңа мәдени нысан салынып, отандық фильмдер үлесі артпақ

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева болашақта елімізде 250 жаңа мәдени нысан салынатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Осы орайда инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде жаңа мәдени нысандарды салу арқылы мәдениет саласының қызметімен ауылдар мен шалғайдағы елді мекендердің 92,5 пайыз тұрғыны қамтылады.

Мәдениет нысандарына тұрғындардың баруын екі есеге арттыру жоспарланған. Бұл мақсат үшін 250 жаңа мәдени нысан салынып, 1 200 нысан күрделі жөндеуден өткізіледі.

Министрдің айтуынша, елдің шығармашылық әлеуетін тікелей қолдау арқылы отандық мәдени өнімді жаңғырту жүйесі құрылады.

“Соның ішінде кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 25 пайызға дейін жеткізу, "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі базасында 40 анимациялық фильм жасау ескерілген. Мұнымен қоса, шығармашылық болашағы бар таланттардың 150 жобасына қолдау жасалмақ. Балаева өз сөзінде "Е-culture.kz" бірыңғай электронды платформа жобасына тоқталды. Жоба отандық мәдениеттің барлық жетістіктеріне еркін режимде онлайн түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді. "Жер шарының кез келген нүктесінен, үйден шықпай-ақ, біздің мұражайлар мен театрларға, кітапханаларға және басқа да мәдени көрікті жерлерге баруға болады", – деді ведомство басшысы.


Талқылау