Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 17 мың әскери жалақының аздығынан қызметтен кеткен: Енді министрлік не істемек

Қазақстандық әскерилер жалақының аздығынан қызметінен кетіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әскерилердің жағдайы туралы мәжілісте өткен комитет отырысында қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов мәлімдеді.

Министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанда қорғаныс министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің балама лауазымдардағы әскери қызметкерлерінің жалақысы негізінен бірдей болған. Ал қазір ақшалай жәрдемақыда үлкен айырмашылық бар.

Мысалы, қорғаныс министрлігінде қатардағы атқыштың жалақысы 89 211 теңге болса, ұлттық қауіпсіздік комитетінде 185 855 теңге. Қорғаныс министрлігінде взвод командирі 231 159 теңге алса, ұлттық қауіпсіздік комитетінде 335 857 теңге жалақы алады. Қорғаныс министрлігінде рота командиріне 275 675 теңге, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі шекара департаментінің бастығына 371 637 теңге жалақы төленеді.

"Әскери қызметкерлердің жұмыстан кетуі алаңдатып отыр. Жыл сайын қызметінен кететіндердің қатары өсіп жатыр. 2020-2023 жылдар аралығында Қарулы күштер қатарынан 17 065 әскери қызметкер кеткен. Оның 4 301-і офицерлер, 12 764-і келісімшарт бойынша әскерилер. Бұл деген шамамен 15 механикаландырылған бригадалардың санымен бірдей. Оның бір себебі – жалақының салыстырмалы түрде төмендігі", – деді вице-министр.

Қорғаныс министрлігі әскерилерді өз орындарында қалуға ынталандыру үшін бірқатар шараларды ұсынады. Атап айтқанда, медициналық әскери мамандыққа сәйкес лауазымдардағы запастағы офицерлерге 100 АЕК мөлшерінде қосымша үстемеақы төлеуді заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылды.

Бюджеттен төленетін бұл төлемдерге жыл сайын 17 миллион теңге қажет болады.

Сондай-ақ қорғаныс министрлігі әскери міндеттілерге, курсанттарға стоматологиялық көмек көрсетуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен қамтамасыз етуді ұсынып отыр.

Ұсынылып отырған тағы бір шара – әскери зейнеткерлер мен әскери қызметкерлердің отбасы мүшелеріне әлеуметтік кепілдіктер беру.

Министрдің орынбасары дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алуды қаржыландыруды арттыру қажет екенін де айтты. Қазір бұл қажеттіліктерге республикалық бюджеттен жыл сайын 1,2 миллиард теңге бөлінеді. Бұл әскери бөлімдер мен мекемелерді дәрі-дәрмекпен 40% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Вице-министр қаржы министрлігінен осы қажеттіліктерге бөлінетін қаражаттың лимитін қайта қарауды сұрады.

Талқылау