Қазақстан туристік сапарлар үшін ең арзан елдердің қатарына кірді
2024 жылғы қолжетімді бағыттар рейтингінде Қазақстан екінші орынды иеленді. Зерттеуді HelloSafe аналитиктері жүргізді. Олар 136 елдегі туристердің тамақтану, көлік шығындарын есептеп көрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мәліметтерге сенсек, ең арзан ел ретінде Лаос аталды. Онда турист күн сайын шамамен 6 мың теңге жұмсайды.
Қазақстан екінші орында. Елімізге келген турист күніне 9 мың теңгеден сәл аз жұмсайды. Үшінші орынды Руанда мен Гана бөлісіп тұр.
Сонымен қатар сарапшылар қай елдерге саяхаттау ең қымбатқа түсетінін анықтады.
Бірінші орында Барбадос тұр. Бұл елге бару үшін күн сайын 160 мың теңгеден астам қаржы жұмсауға дайын болу қажет.
Еуропа елдері арасында ең қымбаты – Швейцария. Мұнда күнделікті 127 мың жуық қаржы жұмсайсыз.
Еске салайық, бұған дейін биыл туристік жолдама қымбаттағанымен қазақстандықтар Түркияға саяхаттап бару бойынша рекорд жаңартқанын жаздық. Маусым айының қорытындысы бойынша Түркияға туристік жолдама бағасы жылдық мәнде 28,5%, шілдеде 35,5%, тамызда 39,3% көтерілген. Нәтижесінде маусым-тамыз айларында Қазақстан азаматтарының Түркияға 440,4 мың рет барғаны белгілі болды.