Қазақстан Ресейден өз автокөліктері үшін утиль алымды алып тастауды сұрады
Қазақстан Ресейден елімізде шығарылған көліктерге салынатын утиль алымды алып тастауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Бұл туралы 2024 жылға арналған министрліктің даму жоспарын орындау туралы есепте айтылған.
"Өнеркәсіптік кооперация шеңберінде екіжақты кездесулерде Қазақстанда шығарылған Kia сияқты көліктерге Ресей Федерациясында утиль алымнан босатылу үшін сандық квота беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады", – делінген есепте.
-
Шарлапаев Ресейде утиль алымының өсуінен елге ескі көліктер ағылып келеді деп қауіптенеді
-
2025 жылы айыппұлдар, утильдік алым мөлшері мен автокөлікті тіркеу бағасы қаншалықты өседі
Аталған құжатта сондай-ақ министрлік 2024 жылы автомобильдер, трейлерлер мен жартылай тіркегіштердің өндіріс көлемі 3% азайғанын атап көрсеткен. Бұған себеп ретінде ведомство отандық көліктерге деген сұраныстың төмендеуін атайды. Министрліктің айтуынша, көліктердің көлеңкелі импортының артуы, несие алушының қарыз жүктемесі коэффициентінің өзгеруі, утильсборды және бастапқы тіркеу жарнасын жою туралы петицияның белсенді талқылануы өндіріс көлеміне әсер еткен.
Министрлік "СарыарқаАвтопром" өндіріс көлемін жабдықтарды жаңарту, жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстарының себебінен азайтқанын хабарлады. Сонымен қатар Hyundai Trans Kazakhstan Ресей мен Қытай арқылы жүктерді жеткізудегі қиындықтарға байланысты кедендік рәсімдеулер мен ауыртпалықтарға тап болды.
1 қазаннан бастап Ресейде утиль алым мөлшері 70–85% артты, ал келесі жылдары оны 10–20% арттыру жоспарланып отыр, бұл шара 2030 жылға дейін жалғасады. Алайда жаңа коэффициенттер тек көлікті жеке тұлға немесе заңды тұлға кейін қайта сату үшін әкелген жағдайда қолданылады.
Айта кетейік, бұған дейін 19 шілдеде өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утиль алымына қатысты петицияны қарастырудың қорытындысын шығарған еді. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Әділбек Бектібаев петицияда көрсетілген уәждердің шындыққа сәйкес келмейтінін алға тартып, ұсынысты қанағаттандырудан бас тартқан.