Қазақстан нарығына Hyundai автокөліктерінің тасымалы екі есеге артады
Hyundai Trans Kazakhstan зауыты шілде айынан бастап Қазақстан нарығына екі есе көп жеңіл автокөліктерді жеткізе бастайды. Бұл жыл соңына дейін елімізге тағы 25 мың жаңа Hyundai көліктері келеді деген сөз, ал олардың 20 мыңы жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысады. Бұл жөнінде Hyundai Auto Kazakhstan ресми дистрибьюторының директоры Денис Коломацкий айтты.
Өндіріс көлемінің ұлғаюы Hyundai Auto Kazakhstan, «Astana Motors» (Қазақстан) еншілес кәсіпорны мен Hyundai Motor Company (Оңтүстік Корея) арасындағы келіссөздердің нәтижесінде іске асқан.
Болжамдар нақты сандармен расталып, алғаш рет Hyundai-дің әрбір моделі үшін 2022 жылға арналған өндіріс жоспары жарияланды.
Екі ел арасындағы келіссөздер 2020 жылғы пандемия салдарынан, тасымалдаушылардың жетіспеушілігінен қиындаған. Сонымен қатар Шығыс Еуропадағы оқиғаларға байланысты 2022 жылы жаңа деңгейге шығып, ұзаққа созылған дағдарыс аясында өтті. Соның салдарынан компанияларға логистикалық жеткізу тізбегін толығымен өзгертуге және жаңа серіктестермен келісімшартқа отыруға тура келді.
“Тәуекелдерді азайту және бір немесе екі ғана бағыттағы жеткізу жолдарына тәуелді болмас үшін біз Hyundai Motor Company-дың басқа зауыттарынан компоненттерді жеткізу мүмкіндіктерін іздей бастадық. Балама ретінде Чехия, Түркия, Қытай, Үндістан секілді елдердегі Hyundai зауыттарында өндірілетін компоненттер қарастырылды ”, - деп түсіндірді Денис Коломацкий.
Айтуынша, белгілі бір ел үшін тасымалдарды қайта қарау, логистиканы қайта конфигурациялау - бірнеше мемлекеттер қатысатын әрі көп еңбекті қажет ететін процесс.
“Бірнеше күн бұрын біз қалаған нәтижемізге қол жеткіздік. Шетелдік серіктестер бізге сенім білдірді, нәтижесінде жоспарларын қайта қарап, өз тұтынушыларымызға көбірек автокөліктер шығару үшін қосымша ресурстарды тартты”, - деп атап өтті Hyundai Auto Kazakhstan басшысы.
Hyundai Trans Kazakhstan зауыты толық өндірістік қуат алды. 2021 жылы зауыт айына екі мыңға жуық автокөлік шығарса, енді олардың саны екі есеге артады.
“2022 жылдың басынан қазіргі уақытқа дейін біз қазақстандық нарыққа тоғыз мыңнан астам көлік жеткіздік. Мамыр айының жоспарында екі мыңнан астам, маусымда - үш мыңға жуық, ал шілдеден бастап Hyundai Trans Kazakhstan Қазақстан үшін ай сайын төрт мың автокөлік шығаратын болады. Бұдан былай дилерлер көліктерді көбірек алады, ал шілде-тамыз айларында дүрбелең саябырсиды деп күтеміз”, - деп қосты Денис Коломацкий.
Қосымша бағыттарды ашу туралы жаңа келісімдердің арқасында автоөндіруші сенімділікке ие және өз қатарын кеңейтуді жалғастыруда.
Айта кетсек, осы жылдың ақпан айында Hyundai Trans Kazakhstan зауыты «Staria» минивенін іске қосса, ал маусым айында SUV Hyundai Bayon жол талғамайтын көлігі мен Hyundai i30 жеңіл автокөлігін шығара бастайды.