Қазақстан Бейжіңге жеткізілетін газды ұлғайту үшін Қытайға жаңа құбыр тарту мәселесін қарастырып жатыр
Қазақстан Қытаймен газ экспортын ұлғайту бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Тіпті жеткізуді ұлғайту үшін қосымша газ құбырын салу мүмкіндігін қарастырып отыр. QazaqGaz басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтың сөзінше, бұл аймақтың жанармай нарығындағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Qazaqgaz
Жаркешовтың айтуынша, Қытайда экономикалық өсім бәсеңдегенімен, газға сұраныс артып жатыр.
"Біз Қытайға және Өзбекстан сияқты басқа елдерге экспорт көлемін ұлғайту бойынша консенсусқа қол жеткіземіз деп үміттенеміз. QazaqGaz-дың Қытаймен келіссөздері Қазақстаннан ағымдағы экспортқа қарағанда "айтарлықтай жоғары көлемді" болжайды. Нәтижесінде еліміз Қытайдағы сұраныстың арқасында көрші елдермен, соның ішінде Түрікменстан, Ресей және Өзбекстанмен бәсекеге түседі", – деді Санжар Жаркешов.
2022 жылдың ақпанында Ресей Украинаға басып кірген соң Еуропадағы негізгі газ сатып алушыларынан айырылды. Ал Қытай экономикалық динамиканың әлсіреуі аясында да негізгі балама сату нарығына айналды.
2024 жылы Ресейдің ұлттық газ операторы Газпром Қытайға газ экспортының күнделікті рекордтық көлемі туралы бірнеше рет хабарлады. Қазақстан өсіп келе жатқан ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін газ өндіруді ұлғайтуға, сондай-ақ экспорттық кірісті арттыруға ұмтылып жатыр. Қазіргі уақытта республика Қытайға жылына шамамен 4 миллиард текше метр газ береді. Ал Қазақстанның өзі шамамен 21 миллиард текше метр газ тұтынады. 2023 жылы тараптар үш жылдық экспорттық келісімшартты ұзартты.
QazaqGaz компаниясы ірі өндірушілермен, соның ішінде "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясымен ("Самұрық-Қазынаның" еншілес ұйымы) және Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының операторларымен өндірісті ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жаркешовтың айтуынша, QazaqGaz өндірушілерді қолдауға бағытталған газ бағасының жаңа формуласын енгізеді.
Оның айтуынша, компания катарлық инвесторлармен 2029 жылға қарай газ өндіруді тағы 3,5 миллиард текше метрге арттыратын жобаларды, сондай-ақ Chevron корпорациясымен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
"QazaqGaz Қытайдағы үлкенірек құбырға қосылатын екінші құбырды салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта ол шамамен 70% қуаттылықпен жұмыс істеп тұр. Бұл қосымша жеткізуге орын қалдырады. Жаңа құбырдың құрылысы қуаттылығына байланысты 3 миллиард доллардан 6 миллиард долларға дейін болады. Шешім осы жылдың соңында қабылданатын болса, екі-үш жылға созылуы мүмкін. Қытай сұйытылған табиғи газдың бірнеше табысты келісім-шарттарына қол жеткізгенімен, сұйытылған табиғи газ бағасы құбыр газымен бәсекеге қабілетті емес. Сондықтан біз осы қысқы маусымда Қытай алдындағы міндеттемелерімізді орындауға жұмыс істеп жатырмыз", – деді ол.
QazaqGaz басшысының айтуынша, компания 2025 жылы нарық конъюнктурасына байланысты шығарылым көлемі 1 миллиард долларға дейін баратын жобаларды қаржыландыру үшін еурооблигациялар шығарады.
Қазақстан қаңтар-тамыз айларында Қытайға жалпы сомасы 575,7 миллион долларға 2,3 миллиард текше метр газ жеткізді, бұл 18,9%-ға аз. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлем бойынша 20,61%-ға азайған.
Осылайша, қазақстандық газдың Қытай үшін орташа кедендік бағасы 1 мың текше метрге 249,66 долларды құрады. Деректерге сүйенсек, Қазақстан басқа елдерге газ экспорттаған жоқ. Қазақстан 2023 жылы Қытайға 5,857 миллиард текше метр газ жеткізді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15,5%-ға артық. Экспорт кезінде қазақстандық газ бағасының қымбаттауына байланысты QazaqGaz ұлттық газ операторы ішкі нарыққа тиімсіз жанармай жеткізілімдерін кросс субсидиялап жатыр. Шын мәнінде, ел ішіндегі төмен газ бағасын экспорт арқылы ғана сақтауға болады.
Кедендік статистикаға сүйенсек, 2023 жылы осы газ көлемін Қытайға экспорттаудан республика 1,467 миллиард доллар алды, яғни 1 мың текше метрдің бағасы 250,43 доллар болды. 2022 жылы Қазақстан Қытайға 1,21 миллиард долларға (1 мың текше метрге 238,73 доллар) 5,07 миллиард текше метр газ жеткізді.
Қазақстанның 2023–2026 жылдарға арналған Қазақстан газын Қытайға экспорттау туралы қолданыстағы келісімі бар (2023 жылғы қазанда Бейжіңде жасалған). Маусым айының басында QazaqGaz ұлттық газ операторы ("Самұрық-Қазынаның" еншілес ұйымы) "Газпроммен" ресейлік газды ел аумағы арқылы Өзбекстан мен Қырғызстанға транзиттеу туралы ұзақ мерзімді келісімшарт жасасты. Түркіменстан мен Өзбекстан газы да Қазақстан арқылы Қытайға өтеді.
QazaqGaz Aimaq компаниясы (QazaqGaz еншілес ұйымы) QazaqGaz-тан (Самұрық-Қазынаның еншілес ұйымы) 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап 19 миллиард текше метр газды 1 мың текше метрі 26,79 мың теңгеден сатып алады. Осылайша QazaqGaz биыл ішкі нарықта 1 мың текше метр газды 55,9 доллардан сатып жатыр. Қазақстанда газдандыру қарқынының ұлғаюына және сәйкесінше қымбат емес газды ішкі тұтынудың артуына байланысты компания республикадағы газдың төмен бағасын субсидиялау үшін экспорттық сату көлемін арттыруы керек.