Қазақстан әлемдік экологиялық көрсеткіш бойынша рейтингте соңғы орынды алды
Қазақстан климаттың өзгеруінің тиімділік индексі бойынша соңғы орында тұр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жайында EnergyProm жазады.
Сурет: goodfon.ru
CCPI 2022 рейтингінде Қазақстан небәрі 20 ұпай жинап, 64-орынға жайғасты. Біздің еліміз өткен жылмен салыстырған 9 сатыға төмендеген. Бір саты жоғарыда Сауд Арабиясы орналасқан.
Биылғы жылы ешбір ел "өте жоғары" рейтингімен үздік үштікке кіре алмады. Төртінші орынды Дания, одан кейін "жоғары" рейтингімен Швеция мен Норвегия елдері алды.
Қоршаған ортаны ластау бойынша әлемдегі үшінші ел – Үндістан 10-шы орында, ал ауаға ең көп қалдық бөлетін Қытай 52,66 ұпаймен 37 орында тұр.
Қазақстан экологиямен күреске қанша теңге бөледі?
2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға бөлінген қаражат 118,9 млрд теңгені құрады. Ал өткен жылы осы қажеттілік бойынша 115,9 млрд теңге жұмсалған.
2021 жылы инвестиция көлемінің үштен бір бөлігі Жамбыл облысына – 39,1 млрд теңге, одан кейін Ақтөбе облысы (18,8 млрд теңге), Нұр-Сұлтан (14,2 млрд теңге) және Атырау облыстарының (11 млрд теңге) үлесінде.
Климаттың өзгеруінің тиімділік индексі төрт санат бойынша бағаланады:
-парниктік газдар бөлінділері;
-жаңартылған энергия;
-пайдаланылған энергия;
-климаттық саясат.
Аталған барлық категориялар бойынша еліміздің рейтингі өте томен болып шықты:
-парниктік газдар бөлінділері - 7,18 ұпай (63 орын);
-жаңартылған энергия - 2,54 ұпай (59-орын);
-пайдаланылған энергия - 5,06 ұпай (63 орын);
-климаттық саясат - 5,03 ұпай (54-орын).
2005 жылдан бері жыл сайын жарияланатын Климаттың өзгеруі өнімділігі индексі (CCPI) 60 ел мен Еуропалық Одақтағы климатты қорғау көрсеткіштерін бақылауға арналған тәуелсіз бақылау құралы болып табылады. Рейтингке қатысушы елдердің үлесіне әлемдегі барлық парниктік газдар бөлінділерінің 92%-ы тиесілі екені белгілі болды.