Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін – Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте қазақстандықтарды су қорын үнемдеп тұтынуға шақырды. Айтуынша, 2050 жылға қарай ел "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

су

Президент бүгінде елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру екенін жеткізді.

“Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе",- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар бұрын кейбір су қоймаларының бұзылып, қайғылы оқиға орын алғанын еске салды. Мұндай жайт қайталанбас үшін гидроқұрылымдарды жан-жақты тексеріп, апаттық жағдайда тұрған және қараусыз қалған нысандарды бақылауға алды тапсырды.

"Қазір Қазақстанда 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып тұр. Оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар. Қауіп-қатерлер картасын жасау қажет. Төтенше жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін қатерлердің алдын алу үшін нақты шараларды қолға алған жөн. Сондай-ақ Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйесін жасау керек", – деді президент.

Мемлекет басшысы елді үнемдеуге шақырды.

“Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз",- деді Тоқаев.

Талқылау