Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақша үйрен: Қуанышпен бөліскенде қалай құттықтаймыз?

Stan.kz Jusan-мен бірге ұсынған жаңа танымдық "Қазақша үйрен" бағдарламасының төртінші бөлімі жарыққа шықты. Бұл бөлімде біз қазақ халқының бай салт-дәстүрін танып-біліп қана қоймай, оған қатысты жаңа сөздер үйреніп, әртүрлі жаңалық кезінде қандай құттықтаулар айту керегін білетін боламыз. Бағдарлама жүргізушісі Айгүл Дәден қуанышты мереке кезінде жақындарымызды қандай сөздермен құттықтап, қайғылы жағдайда қалай жұбату керегін түсіндіреді.

Жақын жандарыңыз қуанышты жаңалықпен бөліскен кезде сіз оларға өзіңіздің ыстық лебізіңізді қалай білдіресіз? "Қазақша үйрен" бағдарламасының төртінші шығарылымында ізгі тілек білдіру жолдарын үйреніп, оны әртүрлі мерекеде қалай қолдану керегін ұғынамыз. Қазақтың әр дәстүрі мен жоралғысына арналған арнайы тілектер бар. Бүгінгі сабақта осы сөздерді жаттаймыз.

Қуанышты жаңалық естігенде қазақ халқы шаттанып, ізгі тілек айтса, қайғырған адамға жұбату айтып, көңіліне демеу болған. Дүниеге сәби келген кезде жас босанған әйелмен оның туыстарына "Бауы берік болсын" деп тілек айтады. Бұл сөздің түп мағынасы бала аяғына тік тұрып, емін-еркін қозғала алатын азамат болып өссін, ұзақ әрі мағыналы ғұмыр сүрсін дегенді білдіреді.

Егер сіздің өміріңізде қуанышты оқиға болып, оны жақындарыңызбен бөліскен кезде олардан "сүйінші" сұрасаңыз болады. Жақсы жаңалық алып келген адам "сүйінші" сұраса, оған лайықты сыйлық беруіңіз қажет. Қазір "сүйіншіге" негізінен ақша береді. Бұл жай ғана сыйлық емес, екі адамның арасындағы қатынасты жақсартатын ерекше сияпат деуге болады.

Қазақ халқында әсіресе аяғы ауыр немесе жас босанған анаға айтылар тілек өте көп:

·      Толғағың жеңіл болсын! – Легких родов!

·      Тез қатайыңдар немесе аман-есен аяқ қолыңды бауырыңа ал! – Скорейшего восстановления!

Видеода тұсаукесер дәстүрі туралы айтылады. Бұл енді қаз-қаз тұрып, қадам басып жүрген баланы тез жүріп, қатайып кетсін деген ырыммен жасалатын рәсім. Баланың тұсауын сыйлы, беделді, өнерлі адам кессе, балада соған ұқсайды деп ырымдайды. Оған әртүрлі тілектер айтылады:

·      Қадамың құтты болсын! – Поздравляем с первыми шагами!

·      Елдің азаматы бол! – Будь сыном своего народа!

·      Абыройлы бол! – Будь уважительным человеком!

·      Таудай бол! – Будь большим человеком!

·      Қадамың нық болсын! – Пусть шаги будут уверенными!

Бұл жолы сабақты Вероника және Александрмен бірге өтеміз. Оның көмегімен жақсы жаңалықпен бөлісуді үйреніп, жас отбасыға айтылатын тілектерді білеміз:

·      Бір жастықта қартайыңдар! – Состарьтесь вместе!

·      Шаңырақтарың биік болсын! – Пусть ваш дом будет большим и крепким!

Сондай-ақ жаңа қоныс алған адамдарға тілек айту жолдарын сөз қыламыз. Жаңа үй алған отбасы қоныс той жасайды. Оған ағайын-туыс пен дос-жаран жиналып тілектер айтып, шашу шашады. Шашу мереке мен қуаныш кезінде сол қуаныш иелеріне шашылатын тәтті-дәмді тағамдар. Оны теріп алып, бөлісіп жеген адам да сондай бақытқа кенеледі деген ырым бар.

Адам қайтыс болған кезде қазақ халқы "өлім" немесе "өлу" сөздерін қолданбайды, оның орнына көңілді жұбататын сөздерді айтады:

·      Иманды болсын! – Соболезную!

·      Иманы жолдас болсын! – Пусть земля ему будет пухом!

·      Артының қайырын берсін! – Да будет благополучие у оставшихся!

·      Бекем бол! – Будь сильным!

Жұбату сөздер қажетіңізге аз жарап, тек ізгі тілектер айтып жүру жазсын. Оларды кез келген қуаныш кезінде өз жөнімен қолданып, жақындарыңызды қуантып, пайдаңызға жаратыңыз.

Жобаның негізгі мақсаты – қазақ тілін оңай және қызықты үйрену. Бағдарлама қазақ тілінің бай әрі күрделі сөздік қорын жеңіл түрде ұғынуға мүмкіндік беріп, күнделікті өмірде қолдану жолдарын үйретіп, пайдаңызға жарайды. "Қазақша үйрен" бағдарламасын Stan.kz Youtube-арнасынан көре аласыз!

Талқылау