Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ жерінен табылған «Алтын адам» әлемді аралайтын болды

Қазақ жерінен табылған «Алтын адам» алғаш рет шекара асып, шетелге шығарылды.

Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.

Енді ұлы даланың төсін кезген көшпенділердің өнері күллі жаһанға көрсетіледі. «Алтын адам» әлем музейлерін аралайды» деп аталатын халықаралық жобаның алдымен ат басын бұрған өңірі – Беларусь Республикасы. Бұл елдегі ұлттық көркемөнер музейінде Қазақстаннан әкелінген жауһар жәдігерлер қойылды. Көрме ашылмай жатып-ақ жұрт оны әлем өнеріндегі басты шара деп бағалап үлгерді.

Беларусь астанасындағы Көркем мұражайдың басты залына қойылған жәдігерлер теңдесі жоқ бірегей. Мұнда 232 экспонат пен сап алтыннан жасалған 120 әшекей бар. Халықаралық жоба елдің мәдени өміріндегі басты шараға айналды. Өйткені біздің заманымызға дейінгі VII ғасырдағы, яғни темір дәуіріндегі асыл бұйымдар адамзат тарихындағы ең ежелгі жәдігерлер болып саналады.

«Бұлар – түпнұсқалар. Менің ойымша, біздің көрермендер бұл жәдігерлермен алғаш рет танысайын деп отыр. Тіпті бүкіл ТМД елдерінің ішінде бірінші десем де болады. Ал мына «Алтын адам» – көрменің басты жәдігері. Ол қазір қала көшелерінің барлық жарнамалық тақтасында ілініп тұр. Өйткені соған лайық», – дейді Беларусь Ұлттық көркем мұражайының жетекші ғылыми қызметкері Алла Гаврилова.

Сақ алтындары 1969 жылы Алматыға жақын жерде табылды. Сақ көсемінің жерленген орнын әйгілі қазақстандық археолог Кемал Ақышев бастаған экспедиция ашты. Қолбасшының бас және үстіңгі киімінің әшекейлері сол қалпында сақталған. Бұл «Алтын адамды» жинап, құрастыруға мүмкіндік берді.

«Сіздің елде табылған мына экспонаттар туралы тарихқа қанықпын. Қазақстан үшін өте маңызды болып саналатын бұл жаңалықты Мысырдағы Тутанхамон қабірінің табылуымен салыстыруға болады», – дейді Беларусь Ұлттық көркем мұражайының жетекші ғылыми қызметкері Елена Сенькевич.

Мұражай қызметкерлері де мұндай жәдігерлердің өз залдарында бұған дейін ешқашан қойылмағанын айтады. Экспонаттар аса құнды болғандықтан көрме үшін оқ өтпейтін шынылар жасалды. Жәдігерлер 10 млн еуроға сақтандырылған. Ал Беларусь тұрғындары әлемдегі ежелгі алтын жәдігерлер топтамасын айдың аяғына дейін тамашалай алады. Содан кейін ол Еуропа мен Солтүстік Америкаға сапар шегеді.

Оқи отырыңыз:

Павлодарда моншада танысын соққыға жыққан аудан әкімінің орынбасарына қатысты сот үкімі шықты

Ақтөбеде 7 жасар бала әлемдік рекорд орнатуға дайындалып жатыр (фото, видео)

Қыстауда бірнеше ер адам жабылып зорлаған әйелдің ісін прокуратура бақылауына алды

Серік Ибрагимов, Денис Тен мен Динара Сәдуақасова “Дарын” сыйлығын иеленді

Талқылау