Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ-қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Қазақстан президенті шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді.

“Сіздің сапарыңыздың мән-мағынасы өте зор, ерекше деп айтуға болады. Қытай Халық Республикасы – тату көрші, маңызды стратегиялық серіктес әрі басты одақтас мемлекеттің бірі. Берік достыққа және өзара қолдауға негізделген қазақ-қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мен мұны үлкен қуанышпен атап өтемін. Сіз Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайтуға зор үлес қостыңыз. Мұны жоғары бағалаймыз”, – дейді Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі ел халықтарының игілігі үшін ынтымақтастықтың жаңа деңгейге өтуін қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығының жай-күйіне жоғары баға берді.

“Қытай – біз үшін тату көрші ғана емес, жақын досымыз әрі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Біз ортақ тарихтың, тату көршілік қатынастардың және өзара қолдаудың мызғымас құндылықтарына сүйене отырып, шын мәнінде үлгі етерлік мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Жылдан-жылға өзара байланыстарымыздың мазмұны байып келеді”, – деді ел президенті.

Си Цзиньпин де өз кезегінде қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Тоқаевқа алғыс айтты.

“Құрметті президент мырза, қымбатты досым! Менің сапарыма мән беріп отырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Сіз мемлекет басшысы қызметіне кіріскен сәттен бастап реформалар мен елдің дамуын белсенді әрі мақсатты түрде ілгерілетіп келесіз. Ішкі және сыртқы саясатта тиімді шаралардың тұтас топтамасын қабылдадыңыз. Соның нәтижесінде еліңіздің жалпы қуаты мен халықаралық беделі айтарлықтай артты. Тату көрші ретінде біз бұл жетістіктерге шын жүректен қуанамыз”, – деді Қытай төрағасы.

Ол Тоқаевпен Сиань мен Бейжіңдегі кездесуін еске алды. Айтуынша, екі ел басшысы "алтын отыз жылдықта" қытай-қазақ қатынастарын қарқынды дамытудың негізгі бағыттарын айқындаған. Си Цзиньпин қос ел арадағы қарым-қатынасты әрдайым стратегиялық тұрғыдан және ұзақмерзімді перспектива деңгейінде екенін растады.

“Қытай көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды. Қытай-қазақ байланыстарын қамтамасыз етуде біздің ерік-жігеріміз бен ұстанымымыз өзгермейді және конъюнктуралық ықпалға ұшырамайды. Қытай әрқашан Қазақстанға сенімді тірек болатынын мәлімдеймін”, – деді Си Цзиньпин.

Тоқаев Қазақстан пен Қытай арасындағы сауда келісімі рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті. 

“Сіз бүгін елімізге мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Зор ризашылығымды білдіремін. Бұл ең алдымен Қазақстан-Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп бағалаймын. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда келісімі $41 млрд асты, бұл рекордтық көрсеткіш. Қазіргі таңда 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны $14,5 млрд. Жоғары өнеркәсіп, энергетика, көлік транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды. Сонымен бірге екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түспек. Жоғары мәртебелі Төраға осы жетістіктердің бәрі сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында табысты жүзеге асып жатқанын айырықша атап өткім келеді", – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Кездесу аясында мемлекет басшылары екі ел арасындағы бірлескен мәлімдеме құжаттарына қол қою рәсімін өткізді. Сондай-ақ, Транскаспий дәлізі арқылы Қытай-Қазақстан-Еуропа бағытындағы алғашқы көлік керуенін салтанатты түрде аттандырды. Көлік керуенінің сапары 10 күнді құрайды, ұзындығы – 4 800 шақырым. Керуен Қазақстанның 8 өңірінен өтіп, бүгін Құрық портына жетті.

Айта кетейік, бүгінде Ауғанстан, Беларус, Моңғолия мемлекеттері сырттай бақы-лап отырған ұйым мүшелігіне Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері кіріп отыр.

Бұған дейін Тоқаев Си Цзиньпинді Ақордада сән-салтанатпен қарсы алған еді.

Талқылау