Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қазақ аруы – 2018” байқауының жеңімпазы: Ұйықтап жатып түс көргендей болдым

«Қазақ аруы» байқауы ұлттық құндылықты, дәстүрлі мәдениетімізді айшықтайтын жоба. Міне, байқау мен үшін сонысымен ерекше» дейді осынау мәртебелі тәждің иегері Нәбира Рақымжан. Қазақы қаймағы бұзылмаған маңғаз Маңғстаудың тәрбиесі мен тәлімін көрген ол, xалықтық өнерге жақын болып өскенін айтады. Сондықтан додада домбырамен дәстүрлі ән айтуды мақсат тұтыпты. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.

Нәбира, жеңісіңіз құтты болсын! Әңгімені өзіңізден бастасақ. Сіз кімсіз? Оқырманға өзіңізді қандай тұлға ретінде таныстырасыз?

– Мен 1997 жылы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында дүниеге келдім. Қазір Мұнайлы ауданы, Дәулет ауылында ата-анаммен және бауырларыммен бірге тұрамыз. Орта мектепті де аталған елді мекендегі №4 білім ошағынан тәмамдадым. Қазір студентпін, Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Тариx» факультетінде білім алып жатырмын. Туған жерімнің, еліміздің тариxы мен дәстүрін жоғары бағалайтын қарапайым отбасының перзентімін. Арманым көп, сол армандарыма ұмтылған адаммын. Анамның тәрбиесін үлгі тұтатын қызбын. Мінеки, мені оқырмандарға осылай таныстырсаңыз жеткілікті.

– «Қазақ аруы» байқауына қалай келдіңіз? Қатысуға ұсыныс жасағандар болды ма?

– «Қазақ аруы» байқауына қатысу өзімнің ойым, жеке қалауым болды. Алдыңғы жылы бағымды сынап көргім келген еді. Дегенмен кешігіп қалдым. Кастинг өтіп кеткен екен. Бірақ, сол кездері алдыма мақсат қойдым: келесі жылы міндетті түрде келемін деп. Сондықтан биыл қатысу бұйырған екен. Әр нәрсе өз уақытымен дейді ғой. Ешнәрсе де кеш емес екен. Мақсат қойылды ма, оны орындау, соған ұмтылу керек. Себебі, шын ниеттенсең армандар орындалады. Бұған менің көзім жетті.

Ал неліктен «Қазақ аруы» байқауын таңдадыңыз? Мысалы «Қазақстан аруына» (Мисс Казаxстан) қатысуыңыңызға болар еді ғой? Бұл байқаудың несіне мән бердің?

– «Қазақ аруы» байқауының аты затына сай десем болады. Ұлттық құндылықты, дәстүрлі мәдениетті айшықтайтын жоба. Міне, сонысымен ерекше, сонысымен маған ұнады. Бұл бір жағынан менің жан дүниеме де жақын. Қазақы дәстүрінің қаймағы бұзылмаған Маңғыстаудың тәрбиесі мен тәлімін көрген соң, өнерге жақын болып өстім. «Қазақстан аруы» конкурсына қатысуыма болар еді, дегенмен ол заманауи жанрда өткізіледі. Солай бағытталған да. Сондықтан осы байқауды таңдадым.

– Сіздің ең ерекшеленген сәтіңіз байқауда дәстүрлі ән орындауыңдаңызда деп ойлаймын. Себебі, әуезді әнді әуелетіп, домбыраны күмбірлете жөнелгенде ерекше күйге бөлендік. Бір сөзбен айтқанда тыңдарманның құлақ құрышын қандырдыңыз. Жалпы, музыкалық біліміңіз бар ма?

–  Раxмет. Осы байқауға қатыссам ұлттық нақышта өнер көрсетемін деп бел буған едім әуел баста. Не күй тартамын не дәстүрлі ән айтуым керек деп шештім. Сонымен, іріктеуде дәстүрлі ән орындадым. Қазылар алқасына да ұнаса керек, негізгі байқауда осылай өнер көрсетуімді бәрі қалады. Белгілі дәстүрлі әнші Эльза Қарабалина апайымызбен бірге ән айтып шықтым. Арнайы музыкалық білімім жоқ. Мектеп қабырғасындағы үйірме арқылы таныстым. Жалпы, кіл мықты арулар арасында үздік атанып, тәжге ие болу ең бірінші кезекте – Жаратқанның сыйы, екіншіден, ата-ана қамқорлығы, қолдауы, сосын барып өзімнің еңбегім деп санаймын. Ата-анам зор қолдау көрсетті. Әрдайым кеңес берді. Ал, мен талмай талпындым, талаптандым. Еңбектендім.

– Университетте «тарихшы» мамандығына оқып жатырсыз. Өнерден де кенде емессіз. Болашағыңызды немен байланыстырасыз?

–  Болашағымды өнер жолымен байланыстырамын деп айта алмаймын, әзірше. Рас. Өнер жолына өмірімнің арнасын бұрамын деген ойым да, мақсатым да жоқ. Болашақта көре жатармын. Қазіргі мақсатым – оқуымды аяқтап, мамандығымды алу, білімді жетілдіре түсу үшін магистратураға тапсырсам деген ойым бар. Осы салада білім-ғылыммен жүрсем, кейін студенттерге сабақ берсем деген мақсат қойғым келеді.

–  Жақын арада сені келін, ана ретінде елестете аламыз ба? Қаншама сізден дәмелі жігіттер бар. Әлде жүрегіңіз бос емес пе?

– Өте қызық сұрақ! Жасырып не қылайын. Жүрегім бос емес. Бірақ, қашан келін болатыным бір Алланың қолында, болашақтың еншісіне қалдырайық.

–  Кенеттен жұлдыз болу керемет пе? Кімге алғыс айтқыңыз келеді?

– Аяқ астынан жұлдыз болу өте қызық, әрине. Бірақ мен өзімді жұлдыз деп санамаймын. Шынымды айтсам, әлі күнге «Қазақ аруы» атанғаныма сенбеймін. Байқау соңында атымды хабарлаған кезде өз құлағыма өзім сенбедім. Мен үшін күтпеген жағдай, ұйықтап жатып түс көргендей болдым. Бойымды билеген сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осы жетістік үшін мені қолдаған, демеу білдірген алғыс айтар жандарым өте көп. Осы шараның ұйымдастырушысы Баян Мақсатқызына, мені өнерге баулыған ұстаздарыма, университеттегі оқытушыларыма ризашылығымды білдіремін.

Тағы оқыңыз: 

Қытайда ресейлік студент Ерке Есмаханның «Қайда» әнін шырқады

«Қазақстан аруы» байқауының жеңімпазы ақшалай сыйлығын қайда жұмсайтынын айтты

Күйеуіммен төсектес болып па едің: Жан Ахмадиевтің әйелі Айсәуле Бақытбекке жауап берді

Қазақ эстрадасының жұлдыздары мағынасыз әндерді айтуының себебін түсіндірді

 

 

Талқылау