Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қауіпті ингредиенттер болған": БҚО-да балалар дүкеннен алған қытай кәмпиттерінен уланып қалды

БҚО-да балалар үзіліс кезінде азық-түлік дүкенінен қытайша жазуы бар тәттілер алып, уланып қалған. Бір оқушыға ота жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "NewTimes.kz" порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сурет pexels-тен

Балалар үзіліс кезінде дүкеннен белгісіз тәттілер алған. Кейін сабаққа кірген кезде олардың жағдайы нашарлай түскен. Балалардың іші ауырып, диярея басталған.

Оқушылардың бірінің анасы бірнеше рет жедел жәрдем шақырып, кейін ауруханаға жеткізуге мәжбүр болған. Улану баланың жағдайын нашарлатқаны сонша, дәрігерлер оған ота жасаған.

Ата-аналардың айтуынша, балалар тұтынған тәттінің сыртқы қаптамасында қазақ, орыс тілінде ешқандай мәлімет болмаған. Тек қытайша ақпарат жазылған.

Ал дүкен сатушысы болса, күдікті өнімді дереу сөреден алып тастап, ешқандай ақпарат бермеген.

Зардап шеккен балалар оқитын мектептің медицина қызметкері тәтті қаптамасындағы қытайша жазуды аударып көрді. Олар өнімнің жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін және құрамында қауіпті ингредиенттер бар екенін ғана түсінген.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, бұл мәселеге қатысты өтініш болмағандықтан, сауда нүктесін тексеру жүргізілмеген және зерттеу үшін өнім үлгілері тәркіленбеген.

Ведомстводағылар өтінішті жәбірленушілер немесе олардың заңды өкілдері, бұл жағдайда ата-аналар жазуы тиіс екенін түсіндірді.

Нәтижесінде балалардың жағдайы қалыпқа келді. Операция жасалған бала жалпы палатаға ауыстырылған.

Талқылау