"Басқа жолаушы алып кеткен": Air Astana жоғалтқан Ерлан Көкеевтің гитарасы табылды
Әнші Ерлан Көкеев Air Astana әуе компаниясына шағымданып, гитарасының жоғалғанын айтқан еді. Бір күн өткеннен кейін компания қызметкерлері аспапты тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/yerlankokeyev/
Өнер иесіне аспабын Александр есімді жолаушы әкеліп берген.
“Сонымен, достар, гитарам табылды. Александр деген жігіт әкеліп беріп тұр. Жолаушылар шатасып алып кеткен көрінеді. Өйткені бордта тағы бір гитара болған екен. Рақмет, сізге”, – деп алғыс білдірді әнші.
Өз кезегінде әуе компаниясы да аспаптың қалай жоғалғанын айтып берді.
"Өскемен – Алматы рейсінің қызыл қалпақ киген жолаушысы Ерлан Көкеевтің гитарасын алып кеткен. Әуе компаниясы қызыл қалпақ киген жолаушыдан гитараны Ерлан Көкеевке қайтарып беруін сұрады. Әйтпесе жолаушының жеке басын әрі қарай анықтау және жоғалған мүлікті іздеу үшін құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр екенін ескертті", – деген хабарламада.
-
“Белгіленген уақыттан 7 сағат ерте ұшқан”: Депутат Air Astana әуе компаниясын сотқа бермек
-
Басшы көп, жалақы аз: Air Astana бортсеріктері жұмыс жағдайларын айтып шағымданды
Айта кетейік, өнер иесі осымен екінші рет аспабына қатысты мәселе болғанын айтқан еді.
"Air Astana, не болып жатқанын түсінсем бұйырмасын. Сіздер әдейі жасайсыздар ғой деймін. Мен қазір ғана Өскеменнен ұшып келдім. Тағы да аспабыммен мәселе туындап отыр. Гитарам жоғалып кетті. Ең бастысы гитара әлі келмеді деп мені алдап отыр. Алдын ала аспап қалып қалмасын деп ескерткен болатынмын. Ешнәрсе болмайды деп айтқан болатын. Бірақ тағы аспабым жоқ. Аспабымды қайтарыңдар”, – деп ашуланған еді Ерлан Көкеев.