Кәсіпкерді іздеп барған автобус: Абай облысында мобильді фронт-офис тұрғындарға кеңес берді

Абай облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының мобильді фронт-офисі жұмысымен танысты.
Шалғай ауылдардағы кәсіпкерлер үшін іске қосылған жоба мемлекеттік қолдау шараларын бұрынғыдан да қолжетімді етпек. Арнайы жабдықталған шағын автобус арқылы кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алып қана қоймай, өтінімдерін де сол жерде тапсыра алады.
Мобильді фронт-офис жұмысымен танысқан Серік Жұманғарин мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпкердің қай өңірде тұрғанына қарамастан қолжетімді болуға тиіс екенін атап өтті.
"Даму" қоры басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевтің сөзінше, жобаның басты мақсаты – кәсіпкерді облыс орталығына сабылтпай, қажетті қызметті оның өзіне жақындату.
"Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлердің қалаға келмей-ақ, аудан орталықтарында қажетті қызметтерді алуына мүмкіндік жасау. Кейбір кәсіпкерлерге қаржыландыру қажет болса, енді біріне кепілдік немесе субсидия мәселесі бойынша көмек керек. Осындай сұраныстарды жергілікті жерде қарастыру үшін мобильді фронт-офистерді іске қостық. Қазірдің өзінде Үржар, Аягөз, Бородулиха мен Мақаншы аудандарында болып, кәсіпкерлермен кездестік", – дейді Фархат Сәрсекеев.
Мемлекеттік қолдау ауылдағы кәсіпкерге жақындай түсті

Мобильді фронт-офис құрамында "Даму" қорының мамандарымен қатар әкімдік, екінші деңгейлі банктер, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, "Аграрлық несие корпорациясы", "ҚазАгроҚаржы" және консалтингтік компаниялардың өкілдері жұмыс істейді.
Көшпелі топ кәсіпкерлерге субсидиялау, кепілдендіру, жеңілдетілген несие, микрокаржыландыру, лизинг, экспорттық жобаларды қолдау және қаржылай емес қызметтер бойынша кеңес береді. Қажет болған жағдайда мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін өтінімдер де қабылданады.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған "Іскер аймақ" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы бизнесті мемлекеттік қолдау құралдарымен кеңінен қамту.

Кеңес алғандардың қатарында Talpyn Semey балаларға арналған білім беру орталығының негізін қалаушы Меруерт Жұмашева да бар.
"Мамандардың осындай іс-шараларға өздері келіп, сол жерде кеңес беруі өте ыңғайлы екен. Біз қазір білім беру орталығын кеңейту мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Сондықтан мемлекеттік қолдау шаралары мен қаржыландыру құралдары туралы ақпарат алу маңызды болды", – дейді кәсіпкер.

Биыл 195 аудан орталығын қамту жоспарланған
Фархат Сәрсекеевтің сөзінше, жоба іске қосылғалы бері кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық жоғары.
"Жалпы Қазақстан бойынша мобильді фронт-офистер аясында 300-ден астам кеңес берілді. Қазірдің өзінде 12 өнірді қамтып үлгердік. Алдағы жоспарымыз – 195 аудан орталығына барып, 5 мыңнан астам кәсіпкерге кеңес беру. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары", – дейді қор басшысы.
Бүгінде мобильді фронт-офистер Ұлытау, Жетісу, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Ақмола, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс жүргізген.

"Даму" қорының мәліметінше, жоба Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қоспағанда, еліміздің 17 өңірін қамтиды. Көшпелі сапарлар кестесі қордың ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланып отырады.
Осылайша, мемлекеттік қолдау құралдарын кәсіпкердің өзіне жақындатуға бағытталған жоба ауылдағы бизнес үшін жаңа мүмкіндікке айналып отыр.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды