Қасым-Жомарт Тоқаев БҚО-да су тасқынынан үйлері зардап шеккен тұрғындармен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҚО-да су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап шықты. Кейін Қаратөбе ауданындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан эвакуациялық пунктте су тасқынынан үйлері зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото Ақордадан
Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен әңгімелесу барысында мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына алға тартты. Айтуынша, мұндай жағдай 1994 жылы болған. Бірақ биылғы тасқын одан да асып түскен. Президент шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын жеткізді.
“Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады”, – деді президент.
Кездесуде жергілікті тұрғындар Жақсыбай және Қалдығайты өзендеріне көпір салып, ауыл маңындағы бөгеттерді жаңғыртуды сұрады.
Мемлекет басшысы аталған мәселе бойынша үкіметке тиісті тапсырма берілетінін және қарғын суды халықтың игілігіне пайдалану қажет екенін атап өтті.
Еске салсақ, Тоқаевтың су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысына барғанын хабарлаған едік.