Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржы пирамидасының басшысы салымшылардың ақшасына 85 миллион теңгеге пәтер сатып алған

Батыс Қазақстан облысында Life is good Hermes Management Ltd қаржылық пирамидасын ұйымдастыруға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: freepik

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, сотталған әйел әлеуметтік желіде өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсеткен. Ол азаматтарға 1,1 мың еуро (598 мың теңге) қолма-қол ақша салып, 10 жыл ішінде инвестицияланған соманың 20 пайызынан астам табыс алу арқылы ақша табуды және пәтер алуды ұсынған. 

"Жаңа инвесторларды тарту үшін ол әрбір жарнадан 2-ден 18%-ға дейін пассивті кіріс алуға уәде берді. Нәтижесінде 42 адам қаржы пирамидасына 56 миллион теңгеден астам қаржы салған", – делінген хабарламада.



Сотталған әйел заңсыз жолмен тапқан ақшаны пайдаланып Астана қаласындағы элиталық тұрғын үй кешенінен 85 миллион теңгеге пәтер сатып алған. Тұрғын үй сенімді тұлғаға тіркелген.

Әйел қаржы пирамидасын құру және оны басқару, қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату үшін кінәлі деп танылды. Ол 5,6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал пәтер жәбірленушілерге өтемақы төлеуге жіберілді.

2024 жылы Қаржы мониторингі агенттігі инвесторларды 20 миллиард теңгеге алдаған 42 қаржы пирамидасын жойды. 78 адам сотталып, жәбірленушілерге 13 миллиард теңге көлемінде шығын өтелді.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық еткен және соның көмегімен алынған ақшаларды заңдастырғандар сотталғаны туралы жазған едік.

Талқылау