Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға қаржы алаяқтарына алданып қалмаудың нақты қадамдары айтылды

Қоғамда табыс табудың түрлі жолдарымен қоса, алаяқтық жүйлердің бірқатар әдіс-тәсілдері шығып жатыр. Белгісіз компанияның не ұйымның сойылын соғатындар кейде халық сүйіктісіне айналғандардың атынан сөйлеп, халықты алдап-арбайды. Осы кезде өтіріктің шырмауына түсіп қалмау үшін қаржылық сауаттылық керек, дейді мамандар. Stan.kz тілшісі GSB UIB директоры экономист маман Мақсат Халықпен сұхбаттасып, қаржылық пирамидалар жайлы, олардан қорғанудың жолдарын сұрап, кеңестерін білді.

Қысқа мерзімде капиталды көбейтуге уәде беретін компанияларға сенім жоқ

GSB UIB директоры экономист Мақсат Халықтың айтуынша, қоғамда әртүрлі дағдарыстар болған кезде, пандемияның кері салдары уақытында алаяқтар, әсіресе, қаржылық алаяқтар көбейеді. Оның себебі: көптеген азамат жұмысынан айырылып, табыссыз қалады.

"Екі жерде жұмыс істеп жүргендер бір жұмысынан шығып қалады. Осы кезде адамдардың қосымша табыс көзін іздейтіні түсінікті. Сол уақытта осы азаматтардың сенгіштігін қолданатын түрлі алаяқтар пайда болады. Олар әртүрлі жолдармен адамдарды алдайды. Оларды қаржы пирамидалары деп атаймыз", - дейді экономист Мақсат Халық.

Қазіргі уақытта елде қаржы пирамидаларының төрт түрін ажыратуға болады. 

  • Желілік маркетинг жобалары 
  • Өзін тұтынушылық және ипотекалық несиеге балама ретінде көрсететін фин пирамидалары
  • Микроқаржы ұйымдары немесе ломбардтар түрінде жұмыс істейтін жобалар
  • Мессенджерлерде таралатын касса түріндегі пирамидалар

Қаржы пирамидасына қазақстандықтар өз аяғымен барады

Қазақстандықтарды өз шырмауына түсіріп жүрген қаржы пирамидаларына азаматтар өз еріктерімен барып жатады. Бір қарағанда, алаяқтардың жүйесінен хабардар жұрт, қауіпсіздік шараларын білсе де, қан мен термен тапқан-таянғанын пирамида компанияларына өз қолдарымен тапсырады екен. Жыл басынан 250 қылмыстық іс тергелген. 

Қаржы пирамидалары, оларға қатысу және ұйымдастырғаны үшін 98 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, олардың 63-і соттың санкциясы бойынша қамауда. Еліміз бойынша қаржы пирамидалары туралы қылмыстық істер бойынша жәбірленушілердің жалпы саны 25 мыңнан асады. Залалдың жалпы сомасы 33 млрд 250 млн теңгеден асады. Қаржы пирамидасын құрушылардың қалтасына 33 млрд теңге түскен. 

Бұл қаржы сомасына 15 млн теңгеден 2 мың пәтер алуға болады. Мамандар қаржы пирамидасынан тек оны негіздеген басшылары ғана табыс таба алатынын қайталап айтады. Ал пирамида қатысушылары жәй ғана қаражат табудың құралы. Қаржы алаяқтығының құрбандары пирамидаға сеніп, алданғандарын өздері де түсінгендіктен, ештеңе істей алмайды.

Қаржылық пирамида мен желілік маркетингті бөліп ажыратқан дұрыс

Қаржылық пирамида аты айтып тұрғандай негізінен қаржы айналымда жүреді. Мұнда сіз ақша бересіз, ол сізге еселеніп қайтады, яғни ортада тауар болмайды, дейді экономист.

"Карл Маркстің ақша айналымының формуласы бойынша, ақша - тауар - ақша штрих . Тауарды үстінен ақша қосып сатсаңыз, табыс көресіз. Ал қаржылық пирамида бойынша ақшадан ақша жасайды. Біздің қаржылық жүйеде ақшадан ақша жасайтын депозит бар, депозитке ақша саласыз, жылдың соңында белгілі бір пайыздық сыйақы аласыз. Одан бөлек, құнды қағаздар: акция, облигацияларға ақша құюға болады. Белгілі бір уақыттан кейін оның үстінен көретін сыйақы мөлшерлемесі немесе дивиденттеріңіз болады", - дейді экономист Мақсат Халық. 

Алаяқтар жүйесі

Маман қазіргі уақытта алаяқтар түрлі жүйелерді қолданатынын айтады. Осы орайда қысқа уақытта тез табыс табуды ұсынатындардан аулақ жүру керек, дейді ол.

"Тура осында жүйеге ұқсас мысал келтірейін. Жақында биткоин 20 мың долларға дейін көтерілген кезде өздеріне шақырып, жарнамалаған ұйымдар болды. Барсаңыз, ешқандай биткоин сатып алмайсыз. Депозиттерін көрсетіп, көп ақша салған сайын қайтымдылығы жоғары болады, "1-2 айда осы ақшаны екі еселеп қайтарып аласыз. Соңғы табысы, соңғы жинағы қалып тұрған азаматтар тәуекел етіп, осындай әрекетке бара салады. Нарықта ақшаның құны деген болады, бұл қаншалықты дәрежеде табыс көруіңіз мүмкін екенін көрсетеді", - дейді экономист.

Айтуынша, қазіргі уақытта депозиттегі ең жақсы мөшерлеме 12%. Мүлдем алмаймын, көп жылдарға салып қоямын десеңіз ғана 15%-ға ұлғайтылады. Демек депозитке 1 млн теңге ақша салсаңыз, максималды түрде жылына 120 мың, ары кетсе, 150 мың теңге табыс көресіз.

Қор нарығы

Тағы бір ақшадан табыс алатын жер - қор нарығы, дейді маман.

"Мұнда сіз акция, облигацияларға ақша саласыз. Қазақстанда KASE-де орташа есеппен, 30-пайызға дейін табыс көруге болады.

Мысалы, миллион теңге салсаңыз, 300 мың теңге табыс табасыз. Реалды түрде ойлап қарасаңыз, саналы адам миллион теңгені екі еселеуге шамамен үш жыл уақыт кетеді. Ал екі айдың ішінде екі еселеу ақылға сыймайды. Егер кім де кім осындай ұсыныс айтса, "Сау бол, ары жүр" деп айту керек. Басқа ешқандай жол жоқ. Азаматтарымыздың қаржылық сауаттылығының бір жолы алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына септігін тигізеді. Бізде көбіне мықты, білімді деген азаматтардың өзі алданып қалып жатады. Оның негізгі себебі, алаяқтардың, қаржылық пирамидаға кіру ұсыныстары көбіне туыс-туған, ағайын, достар, жақындар, әріптестерден келеді", - дейді ол. 

Айтуынша, қаржы пирамидаларының арнайы жүйесі бар.

Пирамиданың қарапайым "Понци" деген схемасы бар: бастаушы бір адам басқа адамды: "Екі айда табысыңды екі есе шығарып беремін" деп сендіреді. Одан кейін басқа адамдарды көндіреді де, олардан алған ақшаны бірінші адамға беріп қояды. Сонда ақша алған адам шынында да табысын екі еселегеніне, көлік алғанына риза болады.  Жанындағыларды сендіреді. Сөйтіп олардың ақшасын басқа адамдарға беріп қояды. Бұл процестің жалғасқаны сонша, тоқтағанша адамдар келе береді. Ал ол тоқтаған кезде пирамида құлайды. Қолдағы барлық табысты алып, оны құрған адам қашып кетеді. Түбінде ең соңғы қалған адамдар ақшасыз қалады, зардап шегеді. Сондықтан барынша мұқият әрі абай болған дұрыс.  

Алаяқтар әдетте қандай қитұрқы әрекеттерге барады және олардан қалай сақ болу керек? 

Экономист маман алаяқтардан сақ болудың жолдарын ұсынады:

"Қаржы саласында алаяқ болатын адам да ақымақ емес. Әрине, мүмкіндігінше алданбаудың жолдарын қарастырған дұрыс. Әлдекім сізге келіп үлкен табыс табу ұсынса, бұл бірден күмәнданатын, көкейге тиетін белгі болады. Бір-екі айда табысты екі еселеп береміз деген ұсыныс түссе, ол адамға ары ойна деу керек. Екінші мәселе сіздің ол адамға қоятын сұрақтарыңыз сақадай дайын болуы тиіс", - дейді ол. 

Олар сұрақтар мыналар:

  • Сіз келіп/ұсынып отырған қаржылық мекеменің нақты атауы қандай?
  • Қазақстандық компания ма әлде шетелдік пе? 
  • Қаржылық жүйемен айналысуға Ұлттық банктен лицензиясы бар ма? Бұл өте керек сұрақ. Себебі көбі Қазақстанның Әділет басқармасынан алып алған куәлікті көрсетеді. Көбіне ЖК немесе ЖШС ретінде тіркеліп, Әділет басқармасының куәлігін алып жатады. Алайда депозиттік немесе несиелік инструменттермен айналысуға құзірет беретін Ұлттық банк. Ұлттық банктен лицензияңыз бар ма деген сұрақ адамды бірден састырады.
  • Сайттарыңыз қандай? Осы компанияның қожайыны кім?
  • Нақты мекенжайларыңыз қай жерде? 


Маман осы сұрақтарды төтесінен қойғанда қаржы алаяқтары жүздерінен, түрлерінен анықталады дейді. 

"Ал шетелдік компанияларға тіпті жолаудың қажеті жоқ. Шетелдік компанияларға ақша бердіңіз ба, оны қайтара да алмайсыз. Қаражатыңыз шетел асып кетеді, біздің құзіретті органдар оларды жазалай да алмайды. Отандық компания алаяқтықпен айналысып жүрген болса, мемлекеттің заңдары бойынша жазаланады. Сонда да мұқият болған дұрыс", - дейді ол.   

Айтуынша, мемлекет тарапынан халқымыздың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша тұтастай ұлттық бағдарлама әзірленуі қажет.   

"Мұндай бағдарлама Ұлттық банктің өзінде бар. Бірақ ол бағдарламадан халық қаржылық сауаттылығын арттырып жатқан жоқ. Меніңше, тұтастай ұлттық бағдарлама қабылданып, біз өз балаларымызды он жастан бастап қаржылық сауаттылыққа қарай бейімдеудің нақты тетіктерін ұсыну қажет", - дейді экономист.   

Маман банктен хабарласқанда кіммен сөйлесіп тұрғаныңызды мұқият сұрап алу керектігін айтады.

"Сақтанудың тағы бір маңыздылығы электронды карталар, ақша аударымдарына байланысты. Көп алаяқтар қоңырау арқылы телефонға келген кодты айтуды сұрайды. Кодты айтқаны сол, картадағы ақшаны шешіп алады. Мұндайда, кім хабарласып тұр, банктен хабарласқанның өзінде жөнін сұрап немесе ЖСН нөміріңізді айтып беруін сұраңыз. 

Керісінше банктен хабарласып, ЖСН сұрайтындар бар. Содан соң кейін мойныңызға несие артып қоятын жағдайлар болуы мүмкін. Одан да сақ болуы қажет. Ешкімге ешқашан жеке ақпараттары, карта нөмірін, артқы СVN нөмірін бөліспеу керек", - дейді ол.

Өте үлкен маңызды дүние картадағы лимитті өзіңіз реттеп қоюыңыз маңызды. Кей адамдар лимит қоймайды, оның кемшілігі картаны жоғалтып алсаңыз картамен төлем жасаған кезде пин-кодсыз төлене береді, дейді Мақсат Халық.



"Цифрлық қоғамға қадам басқалы бері, осы салада хакерлік шабуылдардың ұлғайып жасалып жатқанын көріп отырмыз. Сүйіп қолданып жүрген банктердің өздері хакерлік шабуылдарға түсіп қалып жатыр. Банктер қауіпсіздік шараларына миллиондаған ақша төлейді. Ұлттық банк жақында биометрикалық жүйені де іске қосатынын хабарлады. Азаматтардың қауіпсіздігі мен шоттарындағы қаражаттың жойылып кетпеуі үшін жасалып жатыр. Көзбен, дауыспен тану деген сияқты биометрикалық қорғау күшейтіліп жатыр және мұндай қорғану бізге өте қажет. Қаржылық жүйеге байланысты блокчейн технологиясының дамып жатқанын көруге болады. Қауіпсіздік шаралары үшін осындай технологиялар біздің қаражаттарымыздың қауіпсіз болатанына кепіл болады", - дейді маман.  

Құқық қорғау органдары елдегі қаржы пирамидаларын құру және басқару үшін қылмыстық істердің саны төрт жыл қатарынан өсіп келе жатқанын айтады.      

2020 жыл осы уақытқа дейінгі рекордтарды бұзған. Жыл басынан бері 35 жаңа фирма тіркелген

Олардың таралуына пандемия үлкен үлес қосқанын атап өту керек. 

Соңғы уақытта Қазақстандықтардың басым бөлігі "Гарант 24 Ломбард" қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккен.  

Қаржы алаяқтарынан зардап шеккен 25 мың адамның 17 мыңы өз ақшасын дәл осы ұйымға берген. Бұл - 22 млрд теңге шығын.

ІІМ мәліметінше, сенгіш азаматтар Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Нұр-Cұлтан қалаларында тұрады.    

Қазақстандықтардың табысы төмендеп, ал ақша табуға деген құштарлық керісінше артқан. Қаржы пирамидаларымен күресу қатаң болады, Бас прокуратура мен ІІМ қызметкерлерінен тұратын ведомствоаралық жұмыс тобы заңнаманы өзгерту және толықтыру бойынша шаралар қабылдауда.

 

 

Талқылау
Пікір
Асылбек Бекзат
11 Қыр, 21 жыл - 00:17

Осындай жағдайға тап болғанда не істеуге болады?Кімнен көмек сұрауға  Ақшаны қайтара аламызба?