Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Несие мерзімі өтіп кетпеу үшін не істеу керек? Қазақстандықтарға басты ереже айтылды

Несие төлеу мерзімін өткізіп алудың қандай жағымсыз салдары бар? Әрқайсымыздың өмірімізде түрлі кездейсоқ, аяқ-асты жағдайлар орын алуы мүмкін. Жұмыстан шығып қалу, жалақымыздың қысқаруы, ауру немесе ірі көлемдегі шығындар болып жатады. Осындай жағдайда несие төлемдерінің мерзімі өтіп кетуі қалыпты құбылыс. Демек, несие төлеу мерзімі өтіп кеткен несиегердің бәрі бірдей жауапкершілігі жоқ адамдар деп кесіп айтуға да болмас. Несие алу үшін қазақстандықтардың жалақы мөлшері қандай болуы керек және несие мерзімін өткізіп алмау үшін не істеу керек? Stan.kz тілшісі GSB UIB директоры экономист маман, Мақсат Халықпен сұхбаттасып, кеңестерін білді.

Несие мерзімі өткен жағдайда қарыз алушыға өсімпұл мен айыппұл салынады. Олар төлем мерзімі бұзылғаны немесе несие бойынша пайыздық мөлшерлемені өзгерткені үшін белгіленген сома түрінде қолданылуы мүмкін.

Табыстың 20%-ын несиеге арнауға болады

GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық орташа есеппен халық табысының 56 %-ын азық-түлікке жұмсайтынын айтады.

"Біз өзімізді өркениетті елдермен салыстырамыз. Нарықтық экономиканың өзінің заңдары бар. Бір жағынан алып қарағанда, шетелмен бізді салыстыру ойға қонымсыз. Себебі ол жақта табыс та, өмір сүру сапасы да жоғары. Біздің елімізде қаржылық мәселелердің шешілуі жаңа заңдар мен өзгерістерді талап етеді. Шетелдік несиелер шамамен табыстың 10-12%-ын құрайды. 

Сонда табысы орташа 2000-3000 доллар деп есептесек, 10-12%-ын оп-оңай несиеге жұмсай алады. 

Біздің жағдайда статистикаға сүйенсек, орташа есеппен халық табысының 56%-ын азық-түлікке жұмсайтынын көреміз. Ар жағында балаларын оқыту, жолға кететін қаражатты алып тастағанда, несие төлеуге қаражат қалмай жататынын түсінуге болады, - дейді маман.

Экономист бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар екенін айтады. Ол - халықтың жалақысын арттыру.

"Негізінен әрбір отбасы табысынан 20% аспайтын несиені көтере алады. Егер сіздің айлығыңыз 100 000 теңге болса, онда 20 мың теңгеден аспайтын несие алғаныңыз дұрыс. Бірақ бізде көбінесе несие көлемі оның жартысынан асып кетеді. Тұрақты түрде 50 000 теңге аса азық-түлікке кетеді. Қалғаны несиеге де, басқаға да жетпей жатады. Мұның бәрі әлі де халықтың әлеуметтік жағдайының, тұрмыс-тіршілігінің нашарлығын көрсетеді", - дейді Мақсат Халық.

Несие төлемінен қалатын ақшаға бір ай өмір сүріп көріңіз

Кей сарапшылар несие рәсімделмес бұрын ең алдымен төлем жасалған соң қалатын қаражатқа бір ай өмір сүріп көру керектігін айтып, кеңес береді.

Қазіргі кезде несиенің мерзімін өткізіп алмау мәселесі көп клиентті мазаламаса да, бірден-бір проблемаға айналып отыр. Жеке тұлғаға несие алмас бұрын өзінің қаражы мүмкіндіктерін бағалау аса қажет қадам. Себебі осы арқылы адам қарыздың ауыртпашылығын сезіне алады. Көп жағдайда несиегер белгілі бір ақша сомасын қағаздан көргенде оны төлей аламын деп ойлауы мүмкін. Алайда шын мәнінде олай болмай шығады.

Сондықтан несие шұғыл түрде керек болмаса, несие рәсімдеуден бұрын содан қалатын сомаға өмір сүріп көрген дұрыс, дейді мамандар.

Сондай-ақ, несие рәсімдеу алдында келісімшартты мұқият оқып, ондағы сіздің міндеттеріңіз мен құқықтарыңызбен танысқан жөн.

 

Талқылау