Ұлттық банк "Қазатомөнеркәсіптің" 12% акциясын Ұлттық қор қаражаты есебінен сатып алды
“Қазатомөнеркәсіптің” 12% акциясы қаржы министрлігінің иелігіне өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Atomic-energy.ru
"Қазатомөнеркәсіп "23 шілдеде акционерлер құрылымындағы өзгерістер туралы хабарлады. Қазақстан Ұлттық банкі "Қазатомөнеркәсіптің” 12% акциясын “Самұрық-Қазына”" қорынан Ұлттық қор есебінен сатып алды.
20 шілдеде "Қазатомөнеркәсіптің" акцияларын Ұлттық қор есебінен сатып алу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен "Самұрық-Қазына" АҚ арасында биржадан тыс мәміле жасалды. Осы транзакция нәтижесінде "Самұрық-Қазына" АҚ үлесі 75%-дан 62,99336549%-ға дейін төмендеді. Қазақстан Республикасы бағалы қағаздар орталық депозитарийінің ресми деректері бойынша "Самұрық-Қазына" АҚ сатқан 12,00663451% үлесі Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің иелігіне өтті", – деп жазылған компания таратқан хабарламада.
"Қазатомөнеркәсіп" АҚ акцияларының еркін айналымдағы үлесі өзгерген жоқ. Ол Лондон қор биржасында және Астана халықаралық биржасында қос листинг кезінде 25% деңгейінде қалды”, – делінген хабарламада.
Маусым айының ортасында үкімет республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қордың "Қазатомөнеркәсіп" акцияларына инвестиция салуына рұқсат берді. Ұлттық банк "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК акцияларын нарықтық құнынан жеңілдікпен 467,4 миллиард теңгеге сатып алатынын хабарлады. Ол үшін Ұлттық қордан 970 миллион долларға шетел валютасын айырбастайды.
Бұрын Ұлттық банкке Ұлттық қор қаражатын тек "ҚазМұнайГаз" акциялары мен "Самұрық-Қазына" қорының облигацияларына инвестициялауға рұқсат етілген. 2023 жылы Ұлттық қор қаражаты есебінен ҚМГ акцияларын сатып алудың арқасында бюджетке қосымша 1,3 триллион теңге түсті.
Схема бойынша Ұлттық банк – Ұлттық қор қаражатын басқарушы – "Самұрық-Қазына" қорына тиесілі "ҚазМұнайГаз" акцияларын сатып алды. Ол өз кезегінде акцияларды сатудан түскен қаражатты дивиденд түрінде республикалық бюджетке жіберді.