Қарақат: Биыл аяулы анам мәңгілік сапарына аттанды, оның орнына қызым өмірге келді
Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болманов алтынша рет ата-ана атанды. Екінші қыздың әкесі атанған продюсер халықтан сүйінші сұрап, өмірге қыз бала келгенін мәлімдеген еді. Қарақат ханым өзін құттықтаған барша жұртқа алғысын айтты.
"Берекелі күз келді. Күзбен бірге дүниеге қыз келді... Бау-бақшамыз жайқалып, ел еккен егінінің жемісін көріп жатқанда алпыс екі тамырымды иітіп, маңдайында жұлдызы бар кіп-кішкентай жүрек соғып жатыр жанымда. Аллаға шүкір.
Құдай бере салғандардың аман-есен іңгәләуіна үлес қосқан ақ халатты абзал жандар, соның ішінде соңғы үш құлыншағымның кіндік анасындай болған Ләззат Лаулекқызына айтар алғысым шексіз! Және алғысым, өзімнің Жаукама бөпемнің кіндік анасына арналады. Осындай жақсы жандарға Алла разы болсын!
Биыл бүкіл әлем, еліміз күтпеген дертпен алысып жатқанда, аяулы анам мәңгілік сапарына аттанды. Жүрегім езіліп, қиналған сәттерімде "Қақатым" деп Қыдекем бір жағымнан, екінші жағымнан "анашым" деп ұл-қызым, үшінші жағымнан "сағың сынбасын" деп халқым жұбатты. Сол жұбаныш, мінекей, қуанышқа ұласуда", - деп жазды ол.
Әнші ақ халатты абзал жандар мен желідегі халыққа алғысын айтты. Қуаныш жұғысты болсын деп тіледі.
"Әр шаңыраққа дәл осындай бақыт тілеймін. Сәбиімді құшағыма алып, "әрбір ана жөргек иісін құшырлана иіскесін" деп тілек бiлдіремін.
Ағаларының еркесі, Аялеканың ізінен еретін сәбиімнің ұйқысы тыныш болсын. Құттықтауларыңызға көптен-көп рақмет, ризамын", - деп жазды Қарақат Әбілдина.
Айта кетейік, Қыдырәлі Болманов желіде сүйінші хабарды өзі хабарлап, қуанышын бөліскен еді.