Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарақат Әбілдина туған күнін мешітте атап өтуінің себебін түсіндірді

Танымал әнші Қарақат Әбілдина туған күнін мешітте атап өтуінің себебін түсіндірді. Әнші арақ-шараппен өтетін сауық кештерін назардан тыс қалдырып, халал түрде өткен туған күнді сынағандарға ренжіп қалғанын желідегі жазбасы арқылы білдірді. Stan.kz тілшісі мәселенің мән-жайын білмек болып әншінің өзіне хабарласты.

каракат 070417

Қарақат Әбілдина шын мәнінде туған күнін сылтауратып медресенің шәкірттері мен ұстаздарына ас бергенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, бұл ісін жария қылғысы келмегенін айтты.

“Неге шулап жатыр? Мен не нәрсені дұрыс жасамадым? Мен туған күнімді атап өтем бе? 40 шақты медресенің ұстаздары мен шәкірттеріне өзімнің берген асымды мадақтап жазуым керек пе? Жасаған сауабымнан айырылып… Ол жерде ас берілді, Құран оқылды. Бірақ ел “туған күнін атап өтті” деп жазып жатыр. Қай жерден баннерден көріп тұрсыздар «менің туған күніме қош келдіңдер» деген жазуды? “Қарақат Әбілдинаның «Үміт көктемі» атты сырласу кешіне қош келдіңіздер» деп тұр. Мен кілең қыз-келіншектерге, медресенің ұстаздары мен шәкірттеріне ас бердім. Оны бердім деп жариялауым керек пе?” – дейді Қарақат Әбілдина Stan.kz тілшісіне.

Желіде қалдырған жазбасында әнші кеште салт-дәстүрлердің қамтылғанын айтты. Сондай-ақ, жағымсыз пікір иелеріне өз жауабын берді.

“Әлxамдулиллаh! Тағы бір жасты еңсердік. Жасымызға жас, басымызға бас қосылып жатыр. Қаншама ақ тілектерді естідім, оқыдым. Барлықтарыңызға алғысым шексіз. Өзім аяғым ауыр болған соң ба білмеймін, жүрегім бір тазалықты қалады. Туған күнімді таза жерде мешіттің мейрамxанасында өткізуге аңсарым ауды. Ішімдегі періштем тазалықты сезінсін, Құранның әуезіне балқысын деген әппақ ниет еді.

Тек қана қыздар бас қосып, төгілтіп орамалдарын тағып келсе, елдің алдында жүрген арулар ақ жаулықтарымен отырса қазақтың қанша қыздарына үлгі де болады ғой деп ойладық. Пайғамбарымыздың с.ғ.с хадистеріне сүйеніп мағыналы ән-жыр қосуды да жөн көрдік. Қазақтың салты, дәстүрі де қамтылды. Түрлі ойындар болсын, Құран оқылса, уағыздар айтылса деген мақсатым орындалды да. Бәрі де керемет! Ғажап кеш өтті.

Ең қызығы, арақ-шараппен шулап өтетін туған күндер туралы тіс жармайтын кейбіреулер менің адал ниеттегі, xалал түрдегі туған күнімді дабырайтып жазып та жатқан көрінеді. Өкінішті-ақ… Әппақ дуниеден қаралық іздеуге неге құмар болдық екен деп ойлаймын. Тырнақтың ішінен кір іздей бермей, ізгілікке ұмтылған жүректерден нұр іздеп үйренейікші ағайын. Қасиетті жұма қабыл болсын”, – деп жазды әнші желідегі парақшасында.

Ал желі оқырмандарының пікірі екіге бөлінді. Алғашқылар туған күнді халал түрде мешіт мейрамханасында атап өтуді игі бастамаға балады. Өзгелерді үлгі алуға шақырды.

“Үлгі боларлық мереке болған.. Жақсыны “жақсы” деп айтуды үйренейік қыздар. Барлық нәрсеге таза жүрекпен қарасақ, жаманныңда ішінен жақсы нəрсе табуға болады. Туған күн құтты болсын! Барлық жақсылықты тілеймін! Өнегелі істер жалғасын тапсын. Маған ұнады. Жəне ой салды”, “Ой біздің қазақтар-ай ол жерде ешкім арақ ішіп отырған жоқ қой.Қарақат туған күн құтты болсын. Бақыттан басың айнала берсін. 5 кг əдемі сұлу қыз тілеймін”, “Қарақат ойлаған ойыңды Алла қабыл етсін. Көрмегеннің көзі шығып, сендей болып алсын”, “Ерекше өткен туған күн, жастарға үлгі болатындай және салт-дәстүрді насихаттайтын”, – дейді әншіні жақтағандар.

Ал қарсы шыққандар: “Мешіт – Алланың үйі, ол жерде Аллаға құлшылық жасап, намаз, дұға-тілектер, Аллаға салауат айтылып, зікір салатын орын”, “Мешітте туған күн атап өтпейді ғой. Туған күн демей-ақ жай садақа беріп, медресеге дастархан жайылса болар еді. Әйтпесе мешітте біздің әйелдер жарысып, фотоға түсіп, әндетіп абыр-дабыр боп отыр. Сотка көрмегендей, ерсі көрінді”, – деп пікір білдірді.

Туған күннің мешітте атап өтілуіне қаншалықты рұқсат берілетінін білу мақсатында Астанадағы “Әзірет Сұлтан” мешітінің баспасөз қызметімен де байланысқан едік. Мешіт қызметкерлері онда өткен кеш туралы сұрақтарға əншіден жауап алуға сілтеді.

Есте болса, бұған дейін Қарақат Әбілдинаның мешітте өткен кеші жайында жазған едік.

Жіберіп алмаңыз:

Ақбота Сейтмағамбет болашақ сәбиінің бөлмесін дайындауға кірісті (фото)

“Соқыр махаббатты” түріктер үш жыл бұрын “Тек сен” деп түсіріп тастаған (видео)

Әнші Әдемі төсек қатынасын көрсететін ұятсыз фильмге түсті

Жазушы Гүлнұр Оразымбетованы Ұлттық арнаның директоры етіп тағайындауды ұсынды

Талқылау