Қарағандыда ерлі-зайыптылардың 7 қыздан соң көптен күткен ұлы өмірге келді (фото)
Қарағандыда Думан Оспанов пен Зәмзәгүл Мамалинованың 7 қыздан соң ұлы дүниеге келді. Көптен күткен ұлының есімін ата-анасы Нұртілеу деп қойды. Ерлі зайыптының тұңғыш қызы 25 жаста. Ең кенжесі 2 жаста.
42 жастағы «Алтын алқа» иегері тұрмысқа шығар кезде көп балалы ана атанам деп ойламаған. Күйеуі екеуі ұлды болуды армандайды, бірақ 25 жыл ішінде 7 қызды өмірге әкеледі. Үлкен екі қызы жоғары білім алып үлгерген, деп жазады eKaraganda.
Бірнеше баланы өмірге әкелгеніне қарамастан Зәмзәгүл Мамалинованың өзі де екі жоғары білім алды. 10 жылдан аса жұмыс өтілі бар. Қазір декреттік демалыста. Күйеуі Думан Оспанов “Қарағанды Су” ЖШС-да жұмыс істейді.
«Ұлды болу – бұл менің де, күйеуімнің де арманы. Біз қазақ отбасымыз ғой», – дейді көпбалалы ана.
Қазір бұл отбасы туысының 3 бөлмелі пәтерін жалдап тұрып жатыр. Олар қаражат керек болғандықтан өз үйлерін сатып жіберген.
Зәмзәгүл жолдасы екеуінің қиыншылық көреміз деп қорықпайтындарын айтады. Ешнәрсеге қарамастан қыздарын өсіріп, оқытты.
«Жолдасыма сенем. Қандай жағдай болмасын бірге көтереміз. Балаларымыздың бойына қазақы тәрбиені сіңіре отырып үлкенге құрмет көрсетуге тәрбиелеп өсірдік», – дейді көпбалалы ана.