Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысының тұрғыны екі көзі бірдей көрмейтін ұлының Сирияға кетіп қалғанын айтып жылады

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында 1987 жылы дүниеге келген жігіттің туғаннан көзі нашар көреді. Анасының апармаған жері болмаған. 2008 жылы жанары жарық әлемді мүлдем көрмей, ол тас қараңғы болып қалған. Зағип жігіт 2015 жылы Ораза айында Сирияға «Ислам мемлекетін» құруға әйелімен, үш қызымен кетіп қалған.

Бұл туралы желі қолданушысы Асхат Ахмедияр парақшасында жазды.

Зағип жігіт  Сирияға неге кетті? Оған кім қызықты? Мазалаған сұрақтарға жауап алу үшін анасымен жолыққан едік.

«Менің ұлымның көзі көрмейді ғой, тек аудиозапись жібереді. Балам соңғы рет былтыр сәуір айында хабарласып, жағдайым жақсы деген. Одан кейін еш хабарласа алмадық, өлі ме тірі ме білмедік. Өлсе бір хабары келер еді ғой жүрген едік. Естиміз ғой, ойбай қырып жатыр, бомбалап жатыр деп. Содан биыл 20 қаңтар күні ватсаптан «аудиозапись» жіберді. Мама біздің жағдайымыз жақсы, әйелім ұл босанды, соны айтайын дегем депті. Басқа ештеңе айтпады. Сирияның қай жерінде екенін де білмейміз, ондай ештеңе айтпайды. Бесінші ұлын босаныпты келінім. Өздері үш қызбен кеткен, сол жақта жүріп екі ұл босанған.

Мен білмеймін не үшін барғанын… кім азғырғанын… 2015 жылдың жазында Алматыға барамыз деді қыдырып, келініммен. Кейіннен балаларды алып барамыз деп шықты. Қыдырсын, жаз ғой деп. Бірнеше күннен кейін екінші ұлымның телефонына хабарласыпты, біз Сириядамыз, ренжімеңдер, қайтып келетін жол жоқ деп… Жылап-жылап қалдық. Екі жыл жыладық қой. Қазір көзіміздің жасы қалмады. Адам үйренеді екен…», – дейді анасы.

Әжей осы кезде көзіне жас алып, немерелерім қайтып келсе екен дейді. Үлкен немересі биыл мектепке баратын жасқа келген. Ол жақта мектеп те жоқ. Не істеп жүргенін бір құдай білсін дейді. Әкесі Амангелді І топтағы мүгедек. Бірыңғай үйде. Баласының үш бірдей немересін Сирияға алып кеткені денсаулығының күрт нашарлауына себеп болған.

Зағип жігіт Алматыдағы медициналық институтты мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «массаж» курсы бойынша оқып, қызыл диплом алған. Сәтбаев қаласында білікті маман болған екен. Жеке массаж кабинетін ашып, әжептәуір табыс тауып жүрген.

«Сирияда қалай күн көріп жатырсыңдар? Ол жақта кім жарылқап жатыр сендерді? Біреу бірдеңе беріп жатса қашаңғы береді дейсің? Бір күні соның есесін қайтарасыңдар ғой десем, бір ауруханада жұмыс істеп жүрмін, бірақ жалақы төлемейді деді. Ол жақта күнделікті адам басына ақша беріп тұрады екен.

Сәтбаевта жүргенде ұлым жақсы табыс табатын. Өз кәсібі бар, мүгедектікке алатын ақшасы бар. Отбасын асырауға жететін», – дейді анасы.

Сирияға бір отбасынан бес адам кету көп қаражат талап етері анық. Анасы айтқысы келмегенімен ұлы отбасымен Алматыдан Түркия бағытындағы самолет арқылы Сирияға кеткені белгілі болды. Оның массаж жасап тапқан табысы ол жаққа кетуге жетпес еді. Кетерде бірнеше адамнан қарызға ақша алған.

Ол 2009 жылы намаз оқуды бастаған. Жары да күйеуге тигенше намаз оқымаған. Үйленген соң бөлек шыққан екеуі, жат ағымды көрсететін қылық та байқатпаған. Тек мына етті қайдан алдың, кім сойған деп отыратын дейді анасы.

Зағип жігіт елге қайтқысы келмейді. Ата-анасы баласынан күдер үзгенімен, немерелерін сағынады. Үш қызым келсе екен деп кемсеңдеген мүгедек әкенің жүзіне қарауға жүрек шыдамады…

Тағы оқыңыз:

Қоғам белсендісі: Ерлан Біләл Абайдың рөлін қалай сомдап жүр

Қарағанды жастары Төреғалидің концертіне қарсы шығып жатыр

ШҚО-да тасыған өзеннің арғы бетінде қалған 7 адам 3 күн бойы сонда түнеген

Талқылау