Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандылық шенеуніктердің "креативті" ролигі халықтың сынына ұшырады

Президент іссапармен барған Қарағанды қаласының билігі өздерінде санитарлық талаптардың сақталып жатқанын креативті түрде көрсетпек болып ролик дайындаған. Онда "жолаушылар бір жарым метр қашықтықты сақтайды, автобустар уақытымен жүреді" деп, тіпті сағат-минуттарын да көрсеткен. Бірақ, бұл ролик қала халқының біраз сынына қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Осыдан бірнеше күн бұрын әкімдік өкілдері тұрғындар үшін автобус трафигін жиілеттік деп, тіпті сараптама да жасаған. Осыған орай арна тілшілері қаладағы қоғамдық көлік қозғалысын уақтылы жүріп-тұруын тексерді.

"Қазір сағат сегізден он бес кетті. Біз "Восток 5" аялдмасындамыз. Тұрғындар қазіргі уақытта автобусқа міну мүмкін еместігін айтып отыр", - дейді тілші.

"Әкім де, орынбасары да жүріп те, көріп те өткен бұл автобустарды. Бірақ ешқандай шара қолданылмайды", - деді қала тұрғыны.

Олардың келесі аялдамасы "Көгілдір тоғандар" болды. Мұнда автобус жүріп тұрған.

Облыстың бас санитар дәрігерінің 17 қазанда шыққан қаулысы бойынша жолаушылар автобустағы орын санына байланысты кіргізілуі қажет. Алайда картина тұрғындардың орын санынан үш есе асып тұрғанын көрсетеді.

"1,5 метр қашықтықты сақтай алмайсың. Өзіміз әрең сыйып келеміз", - деді тұрғындар.

"Адамдарды қалай автобусқа кіргізбей қоямыз? Ол үшін автобустар ішінде жанжал да болды. Кондукторларға тым болмаса бетпердесіз кіргізбеңдер деп жатырмыз", - деді Қарағанды қалалық Көлік жолдары және жолаушылар тасымалы секторының жетекшісі Ескендір Қабидолла.

Шенеунік таңғы сегіздер мен кешкі уақытта тығыздықты бақылау мүмкін емес екендігін өзі де мойындап отыр. Карантин басталғалы санитарлық норма сақталмағаны үшін автопарк қызметкерлерінің үстінен он жеті хаттама толтырылған.

Қазір Қарағандыда бар-жоғы 350 автобус бар. Шенеунік, алдағы уақытта автобустар санын көбейту жоспары барын айтты. Бірақ, биліктің "автобустар бос" деген роликті не үшін түсіргенін сол күйі ешкім түсінбеді.

Талқылау