Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда жеткіншек құдыққа құлап көз жұмған: Мишаткиннің әкесі жергілікті әкімдікті жауапқа тартуды сұрады

Қарағандыда арыққа құлап кетіп, көз жұмған 9 жастағы Даниил Мишаткиннің әкесі жергілікті әкімдікті жауапқа тартуды сұрайды. Қайғыдан жүрегі қарс айырылған ата-ана прокуратураға шағымданды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Олар "баланың қазасына қар суы жиналатын каналдың тазартылмауы себеп болды" дейді.  

Даниил 9 күн бұрын ойнап жүргенде аяғы тайып, дәл осы арыққа құлап кеткен болатын. Бауыр ет баласынан қапыда көз жазып қалған ата-ана әлі ес жия алар емес.  

Қайғылы жағдайға қар суы жиналатын каналдың тазартылмауы себеп болды дейді олар. Николай Мишаткиннің айтуынша,  арық қоқысқа толы болғандықтан су арнасынан асып, тасыған.  

“Арық тазартылмаған қараусыз жатты. Қоқыстың көптігінен дала суы каналмен ағып кете алмай толып кеткен. Әйтпесе  балам құласа да, каналдан шығар еді.  Аман қалушы еді ғой. Өте жақсы жүзетін. Денесі қоқысқа тіреліп қалыпты. Құтқарушылардың өзі 40 минутта әрең алып шықты. Су тасқыны кезінде жергілікті әкімдіктер арықты қадағалау керек еді. Қайғылы оқиғадан кейін лентамен қоршап қойды. Одан не пайда?” – дейді Даниилдің әкесі Николай Мишаткин. 

Құтқарушылар да баланы қоқыстан әрең алып шыққанын айтқан болатын.  Николай Мишаткин арықты дер кезінде тазартпаған аудан және қала әкімдігін жауапқа тартуды талап етіп, прокуратураға шағымданды.  Қамкөңіл әкені осы маңайдың тұрғындары мен мектеп әкімшілігі мен ұстаздар да қолдап отыр. Тез арада арыққа қоршау белгі қоюды сұрайды.  

“Мектепке келер жолдағы арық әрине олардың жолда жүруіне қауіп төндіріп отыр. Жолдан өткенде көп бала сол жақпен келеді. Ол жерде аялдама бар. Аялдамадан түсіп сол жолдан өтеді. Сондықтан көктем кезінде  қауіпсіздік сақтау үшін сол арықты қоршау керек”, – дейді Қарағанды қаласындағы №137 мектеп директоры Саят Рақымов.

“Тым болмаса темір қоршау қою керек. Менің қызым күнде осы жермен сабаққа барады. Баланың аты бала ғой. Қорыққанымнан күнде өзім апаратын болдым”, – дейді қала тұрғыны Қарағанлы қаласының тұрғыны Анна Саблина.

Теміржолшылар ауданының тұрғындары бұл аумақта балаларға мұнан да басқа қауіп көп екенін айтады. Іргедегі саябақтың іші де қоқысқа толы.   Құдықтар ашық жатыр.   

“Балалар саябақта ағаш арасына кірсе өте қауіпті. Саз балшық, арық та бар. Тазартып ағаштарға күтім жасау керек. Бәрі қараусыз қалған соң балалар каналға кетіп отыр. Әйтпесе саябақта жүрмес пе еді? Айта кетейік жергілікті полиция Даниилдің өлімін оқыс оқиға деп таныған болатын”, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Татьяна Федоткина.

“Полиция баланың өлімін оқыс оқиға ретінде тіркеді. Облыстық прокуратура қабылданған шешімнің заңдылығын тексереді”, – дейді облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Алайда әкесі баласының ажалына шенеуніктердің салғырттығы себеп болғанын дәлелдеймін дейді. Прокуратурадан істің әділ тергелуін сұрайды. Біз арықтардың жағдайына қатысты қалалық әкімдікке  де арнайы сауал жолдадық. Құзырлылар әзірге ешқандай ақпарат бермей отыр.  

Талқылау