Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада әдемі видео түсірмек болған әйел аттан құлап қаза тапты

марқұм
Фото: Видеодан скрин

Астанада 33 жастағы әйел "Атлант" ат клубында аттан құлап қаза тапты. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға туралы тұрғын желіде жазып, көпшілікті сақ болуға шақырды. Айтуынша, әйел әдемі видео түсірмек болған. 

“Достар, ат спорты клубтарының бірі "Атлантта” жылқыға мініп құлап, қаза болған қыз туралы естіген шығарсыздар! Өтінемін, әдемі видео үшін өз өміріңізге қауіп төндірмеңіздер. Өзіңіз толық басқара алмайтын және тоқтата алмайтын атқа мінбеңіздер. Үйде сіздерді ата-аналарыңыз бен жақындарыңыз күтіп отырғанын ұмытпаңыздар. Қайтыс болған қыздың отбасына және жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Жақындарына осы ауыр қазаны еңсеруге күш пен сабыр тілеймін”, – деп жазды ол. 

Қайғылы оқиға 6 шілдеде орын алған. Аттан құлаған әйел аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Ол комаға түскен. Дәрігерлер науқастың өмірі үшін бір айға жуық уақыт бойы күрескенімен 13 тамызда ол көз жұмды.

Желіде марқұмның таныстары оның ат спортымен бұрыннан айналысқанын жазды. 

“Ол атқа мінуде тәжірибелі шабандоз болатын. Бірақ тағдырдың жазуы басқа екен. Өз өміріңізге қауіп төндірмеңіздер, өздеріңізді сақтаңыздар”, “Иманды болсын! Жазирамен таныс едим, өте ақылды, тарбиелі, өте жақсы қыз еді! Жақындарына сабыр берсін!”, – деп жазды марқұмның таныстары. 

Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты істің қалай жүріп жатқанын Ақмола облысының полиция департаментінен сұрады. 

“Астана қаласының тұрғынының аттан құлап кетуіне байланысты ағымдағы жылдың 6 шілдесінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға Целиноград ауданының аумағында орналасқан ат клубтарының бірінде болған.13 тамызында зардап шегуші алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болды. Осыған байланысты қылмыстық іс қайта сараланатын болады. Тергеу жалғасуда, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде”, – деді ведомство. 

Еске салсақ, бұған дейін де желіде жаяу жүргіншілер өткелінде қазақстандық қыз акробатикалық трюк жасаған еді. Ол бұл әрекеті үшін сотқа тартылды.

Stan.kz
Сенбі, 15 Тамыз, 2026 11:40