Индонезияда қуатты жер сілкінісі болып, 5 адам қаза тапты
Индонезияда қуатты жер сілкінісі болып, билік цунамиге қатысты ескерту жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AP басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Индонезияның Метеорология, климатология және геофизика агенттігінің (BMKG) мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы 7,7 болған. Дүмпудың ошағы теңізде, Шығыс Нуса-Тенгара провинциясындағы Мбай қаласынан шамамен 30 шақырым солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Жерасты дүмпуінің ошағы шамамен 15 шақырым тереңдікте болған. Табиғи апат салдарынан 5 адам қаза тапқан.
Жер сілкінісінен кейін Индонезияның бірнеше аймағында цунами қаупі туралы ескерту жарияланды. Шығыс Нуса-Тенгара және Оңтүстік Сулавеси провинцияларының аумақтары қауіпті аймаққа кірді. Оған қоса, Манггарайдың солтүстік бөлігі, Нгада, Батыс Манггарай, Энде және Сикки аудандары, Селаяр аралы мен бірқатар басқа аумақтарда ескерту жарияланды.
Кейбір аудандарда SIAGA деңгейі енгізілді. Бұл теңіз деңгейінің айтарлықтай көтерілу қаупі бар екенін білдіреді. Ал басқа аумақтарда WASPADA деңгейі жарияланып, цунами толқындары болуы мүмкін екені ескертілді.
Жер сілкінісі 15 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 04:58-де болған. Бастапқыда оның магнитудасы 7,0 деп бағалаған. Десе де кейін бұл көрсеткіш 7,7-ге жетті.
Негізгі жер сілкінісінен кейін аймақта бірнеше қайталама дүмпу тіркелді. Атап айтқанда, Лабуан-Баджо қаласынан шамамен 46 шақырым солтүстік-шығысқа қарай магнитудасы 6,2 болатын жер сілкінісі болды. Ведомство тұрғындарға қайталама жер сілкіністері болуы мүмкін екенін ескертті. Жағалау маңындағы тұрғындарға жергілікті биліктің нұсқауларын орындау ұсынылды.
Айта кетейік, бұған дейін Колумбияда жойқын жер сілкінісі болып, 100-ден аса адам қаза тапқаны туралы жазған едік.

