Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық аналарға бала туғаннан кейін перзентхана не беруі міндетті

ана мен балаға арналған дәрі қобдишасы
Фото: magnific.com / видеодан скрин

Перзентханадан шыққанда ана мен балаға арналған тегін дәрі қобдишасы (аптечка) берілуге тиіс. Алайда астаналық анаға оны алғаны туралы құжатқа қол қойдырылғанымен, қобдишаның өзі берілмеген. Бұған дейін прокуратура да елдегі перзентханаларда осындай 1150 жағдайды анықтаған. Дәрі қобдишасының құрамында не болуы керек және ата-ана шығарда нені тексеруге тиіс? Зерттеп көрдік.

 

"Кей аналар өз құқығын білмейді"

Астаналық ана перзентханадан шыққан кезде өзіне дәрі-дәрмек салынған аптечка берілгені туралы құжатқа қол қойғанын, алайда аптечканың өзін әлі күнге дейін алмағанын айтты. Оның сөзінше, медицина қызметкерлері "қазір әкеліп береміз" деген, бірақ арада екі айдан астам уақыт өтсе де, уәде орындалмаған.

Астаналық Татьяна Карбозова 5 маусымда №3 қалалық көпбейінді ауруханада қызын дүниеге әкелді.

"Қалалық ауруханада жатқан кезімде перзентханада маған дәрі-дәрмектер салынған қобдишаны алғаным туралы құжатқа қол қойдырғанын есіме түсірдім. "Қазір әкеліп береміз, тапсырамыз" деген еді. Бірақ содан бері екі айдан астам уақыт өтсе де, оны әлі берген жоқ. Әрине, қазір оның маған қажеті жоқ. Бірақ мемлекет беруге міндетті нәрсені неге бермей қойғаны көңілге қаяу түсіреді", – деп жазды астаналық ана.
Астаналық ана
Фото: threads.com желісінен скрин

Әйелдің айтуынша, дәрі қобдишасын бермей қоюлары көңіліне қаяу түсірген.

Осы орайда, бұған дейін наурызда астаналық прокуратура перзентханаларда ана мен балаға дәрі қобдишасы берілмеген 1150 жағдайды анықтағанын еске саламыз. Бұдан бөлек, Жетісуда 112 анаға, ал 2024 жылы Шымкентте шамамен 3 мың нәрестеге дәрі қобдишасы берілмеген. Бәрінде мәселе прокуратура араласқаннан кейін ғана шешілген. 

Мемлекет әрбір жаңа туған балаға тегін берілуі тиіс дәрі қобдишасын аналардың бәрі бірдей ала бермеген. Бұған әлеуметтік желідегі пікірлер де дәлел.
Бірқатар әйел "бізге де дәрі қобдишасын бермеді", "тіпті дәрі қобдишасы берілетінін білмедік", "бізге де бермеді, тек жөргек берді" деп жазған. Кейбір аналар тіпті перзентханадан шыққан кезде мұндай жиынтықты талап етуге болатынын білмегенін айтқан.

Фото: threads.com желісінен скрин
скрин 3
Фото: threads.com желісінен скрин
скрин 4
Фото: threads.com желісінен скрин
Фото: threads.com желісінен скрин

Яғни мәселе тек дәрі қобдишасының берілмеуінде емес. Кей ата-ана оның мемлекет тарапынан тегін берілуге тиіс екенін де білмейді.

"Бір заттың өзі жоқ болса, қобдиша толық берілді деп саналмайды"

Алматы бойынша әзірге ана мен балаға арналған дәрі қобдишалары берілмегені туралы мұндай дерек тіркелмеген. Дегенмен, мәселенің өзектілігіне байланысты Алматы қалалық перинаталдық орталығының директоры, жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, бас акушер-гинеколог Әлия Аймағамбетова дәрі қобдишасын беру тәртібін түсіндірді.

"Қолданыстағы талаптарға сәйкес, "Ана мен балаға арналған дәрі қобдишасы" жаңа туған нәресте босандыру ұйымынан шығарылған кезде берілуі тиіс. Қобдишаның берілгені туралы белгі баланың даму тарихына енгізіледі. Нормативтік құжаттарда дәрі салынған қобдишаны туғаннан кейінгі келесі күні немесе алғашқы 24 сағат ішінде, сондай-ақ ана мен балаға бөлек беру қарастырылмаған.

Қобдиша ішінде:

  • 1.    Баланың күтімі жөніндегі нұсқаулық – мемлекеттік және орыс тілдерінде;
  • 2.    Қазақстан Республикасында міндетті профилактикалық екпелерді жүргізу мерзімдері туралы ақпарат;
  • 3.    Суға арналған термометр;
  • 4.    Медициналық электрондық термометр;
  • 5.    Стерильді бинт – 5 см × 10 см;
  • 6.    Мұрын жолдарына арналған шырыш сорғыш (слизеотсос);
  • 7.    Балаларға арналған крем;
  • 8.    Балаларға арналған сабын;
  • 9.    Қолға арналған антисептикалық құрал;
  • 10.    Стерильді мақта – 200 грамм;
  • 11.    Оральды регидратациялық тұз бар", – деп жауап берді бас акушер-гинеколог Әлия Аймағамбетова.

Талаптар денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы 21 тамыздағы №82 бұйрығымен және 2023 жылғы 31 наурыздағы №52 бұйрығымен бекітілген. Басқарманың мәліметінше, нормативтік құжаттарда "алғашқы медициналық көмек қобдишасы" емес, "ана мен балаға арналған дәрі қобдишасы" ұғымы қолданылады.

"Талапқа сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде медициналық көмек көрсететін босандыру ұйымы әрбір тірі туған нәрестені шығарған кезде дәрі қобдишасын беруге тиіс. Оның берілуі баланың медициналық құжатында тіркеледі. Мұндай талап ақылы бөлімдерде босанған әйелдерге және босандыру қызметін көрсететін жеке медициналық ұйымдарға қолданылмайды. Қобдишаның белгіленген құрамын өз бетінше өзгертуге немесе оның жекелеген заттарын бермеуге болмайды. Мысалы, нормативте көрсетілген электронды медициналық термометрдің орнына басқа термометр беру белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Қобдишадағы кез келген заттың болмауы немесе белгіленген сипаттамадан ауытқу оның толық құрамда берілмегенін білдіреді", – деп жауап берді Әлия Аймағамбетова.

Ал жөргек дәрі қобдишасының міндетті құрамына кірмейді. Сондықтан перзентхана ата-аналарға жөргек беруге міндетті емес, ата-аналар оны өздері сатып алып, перзентханаға әкеле алады.

"Егер қобдиша толық құрамда берілмесе, ата-аналар алдымен босанған медициналық ұйымның өзіне жүгіне алады. Атап айтқанда, жаңа туған нәрестені шығаруға жауапты бөлім меңгерушісіне, медициналық ұйым басшысының орынбасарына, Пациенттерді қолдау қызметіне немесе медициналық ұйым басшысына өтініш беруге болады. Сонымен қатар ата-аналар перзентханадан шығар алдында дәрі қобдишасының нақты құрамын сұратуға құқылы. Медициналық ұйым өкілдері 65-1-тармақта белгіленген құрам туралы ақпаратты беруге тиіс", – деп пікір білдірді Әлия Аймағамбетова.

Перзентханадан шыққанда ата-ана нақты нені тексеруі керек?

Ата-аналарға "Маған не беруі керек?" деген сұрақ туындаған кезде, ең алдымен, перзентханадан берілетін ана мен балаға арналған дәрі қобдишасының (аптечканың) толықтығын тексеру қажет дейді Әлия Аймағамбетова.

Ата-ана төмендегі 11 позицияның бар-жоғын тексеруге құқылы. Яғни, ата-ана бұл заттардың барлығын жеке-жеке қарап, дәрі салынған қобдинашының толық жинақталғанына көз жеткізе алады. Қобдишадағы заттардың сыртқы қаптамасы бүтін болуы керек. Ата-ана:

  • қаптаманың зақымдалмағанын;
  • ашылып немесе бұрын пайдаланылмағанын;
  • ластанбағанын;
  • қаптаманың бүтіндігі бұзылмағанын тексергені дұрыс.

Егер қандай да бір заттың қаптамасы ашылған, бүлінген немесе күмәнді жағдайда болса, оны медицина қызметкерінен нақтылап сұрауға болады.

“Жарамдылық мерзімі қолданылатын медициналық бұйымдар мен құралдардың мерзімін де қарап шыққан жөн. Әсіресе медициналық мақсатта қолданылатын өнімдердің жарамдылық мерзімі өтіп кетпегеніне назар аудару қажет. Аптечка құрамындағы медициналық бұйымдарға ерекше көңіл бөлген жөн. Атап айтқанда, электрондық медициналық термометрдің бар-жоғын және жарамды күйде екенін, мұрынға арналған шырыш сорғыштың (слизеотсостың) бар-жоғын және қаптамасының бүтіндігін тексеру керек дейді”, – Әлия Аймағамбетова.

Қажет болса, медицина қызметкерінен бұл бұйымдарды қалай пайдалану керектігін түсіндіріп беруін сұрауға болады дейді ол. Ата-ана аптечканың берілгені туралы жаңа туған нәрестенің медициналық құжаттамасына тиісті белгі енгізілген-енгізілмегенін де нақтылай алады. Бұл талап та 65-1-тармақта көзделген. Сондықтан "дәрі қобдишасын" деген фактінің медициналық құжаттамада белгіленуі маңызды.

Дәрі қобдишасы мен баланың "жасауы" ұғымын шатастырмау керек

Ата-аналар дәрі қобдиша құрамын перзентханадан берілетін барлық нәресте заттарымен шатастырмауға тиіс. Қолданыстағы НҚА бойынша перзентхана міндетті түрде төмендегі заттарды беруі тиіс деген талап жоқ:

  • жаялық;
  • бала киімі;
  • жөргек;
  • сүлгі;
  • бөтелке;
  • емізік;
  • дымқыл майлық;
  • сүтсауғыш (молокоотсос);
  • балаларға арналған күтім және басқа да тұрмыстық заттар.

Яғни бұл заттар ана мен балаға арналған дәрі қобдишасының міндетті құрамына кірмейді. Сондықтан ата-аналарға қандай заттар берілуі керек екені туралы ақпаратты медициналық ұйымнан ашық түрде сұратуға және қобдиша толық берілмеген жағдайда сол ұйымның жауапты тұлғаларына жүгінуге мүмкіндік бар.

Басқа елдерде жағдай қалай?

Мысалы, Ресейдің кейбір өңірлерінде жаңа туған сәбилерге арналған сыйлық жиынтықтары беріледі. Олардың құрамын әр өңір өзі анықтайды. Тверь облысында мұндай қорапта 70-ке жуық зат болуы мүмкін. Оның ішінде дымқыл майлықтар, жөргектер, бөтелкелер, бала тағамын жылытуға арналған құрылғы, электронды термометр, жаялықтар, сүлгі, төсек жабдықтары және көрпе бар.

Мурманск облысында ата-аналарға конверт-көрпе, комбинезон, слип, бас киім, қолғап, бой өлшегіш және "Ана күнделігі" табысталады.

Финляндияда ата-аналарға арналған жиынтықта боди, ұйықтайтын қап, сәбиге арналған жуыну құралдары, жөргектер, төсек жабдықтары және шағын матрас бар. Сонымен қатар ата-аналар қораптың орнына 140 еуро көлеміндегі (75 212 теңге) ақшалай төлемді таңдай алады. Алайда әйелдердің шамамен 95%-ы қорапты таңдаған, өйткені оның ішіндегі заттарды бөлек сатып алу қымбатырақ түседі. Финляндияда мұндай жиынтықты алу үшін болашақ ана жүктіліктің төртінші айына дейін дәрігерге қаралуы керек.

Айым Атамбаева
Сенбі, 15 Тамыз, 2026 09:00