Тоқаев бірден үш елге құттықтау жеделхатын жолдады
Мемлекет басшысы Тоқаев Үндістан, Конго республикасы және Лихтенштейннің басшылары мен өкіліне құттықтау жеделхаттарын жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үндістанмен стратегиялық серіктестікке тоқталды
Тоқаев Үндістанның Тәуелсіздік күніне орай премьер-министр Нарендра Модиге құттықтау жеделхатын жолдады.

Президент жеделхатында Үндістанның халықаралық қатынастардағы маңызды орнын атап өтіп, елдің экономикалық жетістіктері мен зор ғылыми-техникалық әлеуетіне жоғары баға берді. Оған қоса Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
“Қазақстан мен Үндістан арасындағы өзара ықпалдастықты түрлі салада одан әрі тереңдетуге мол мүмкіндік бар”, – деді президент.
Президент Нарендра Модиге жауапты қызметіне табыс, ал достас Үндістан халқына бақ-береке тіледі.
Конго Қазақстанның маңызды серіктесі екенін айтты
Мемлекет басшысы Конго республикасының президенті Дени Сассу-Нгессо мен ел азаматтарын ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Тоқаев Қазақстанның Конго Республикасын Африка құрлығындағы маңызды серіктес санайтынын айтты. Президенттің айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік бар.
“Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Конго арасындағы ынтымақтастық қос халықтың игілігі жолында нығая беретініне сенімдімін”, – делінген құттықтау жеделхатында.
Мемлекет басшысы Дени Сассу-Нгессоға жауапты қызметіне толайым табыс, ал достас Конго халқына құт-береке тіледі.
Лихтенштейнмен достық қарым-қатынасты жоғары бағалады
Қасым-Жомарт Тоқаев Лихтенштейн Князьдігінің Тақ мұрагері Алоизді елдің Ұлттық күнімен құттықтады.
Президент жеделхатында Қазақстан мен Лихтенштейн арасындағы көп жылғы достық қарым-қатынас пен өзара құрметтің маңызын атап өтті.
“Қазақстан Лихтенштейнмен көп жылғы достық қарым-қатынасты және өзара құрметті жоғары бағалайды. Тиімді ынтымақтастығымыз екі ел халықтарының игілігі жолында нығая беретініне сенімдімін”, – деп жазылған жеделхатта.
Тоқаев Тақ мұрагері Алоиздің жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал Лихтенштейн халқына бақ-береке тіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Трамптың шақыруымен Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысатыны туралы жазған едік.