Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қара шайыры шығып, аяққа жабысып қалады": Қызылордада 94 миллионға төселген асфальт ыстыққа шыдамай, бүлініп жатыр

Қызылорда қаласының тұрғындары қап-қара шайырға батып жатыр. Былтыр желтоқсанда миллондар жұмсалып қаланың бірнеше көшесіне төселген асфальтпен осы жазда жүру мүмкін болмай тұр. Өйткені аптап ыстықта еріген асфальттың шайыры осылай аяққа жабысып, тұрғындар жүре алмай қалған. Ал бұған қаражат бөлген әкімдік мәселені шешуге әлі асығар емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Небәрі 7 ай бұрын ғана төселген асфальттың ыстықта қара шайыры әбден еріп, аяққа жабысып қалып жатыр. Тұрғындар бұл көшемен көлік түгілі, жаяу жүрудің өзі қиын екенін айтады. Ал енді дәл осы көшені асфальттауға бюджеттен 94 миллион теңге жұмсалған.

Бұған дейін батпаққа баттық деген ел енді жаңа асфальттың қара шайырына малынып жатқандарына қапалы. Еріп жатқан көшеге өз күштерімен күніне бірнеше рет құм төсейді екен. Ал аптапқа шыдамай еріп жатқан жолдың бойы көліктің салмағынан шұңқырға толған.

"Машина жүргенде су кешіп бара жатқан сияқты боласың. Не велосипед жүре алмайды, не адам жүре алмайды. Машина анау басынан, мына басына дейін шайырды парылдатып басып өтеді", – дейді тұрғын Жұмабек Шайзадұлы. 

"Осыған қаншама қаражат кетті. Істегеннен кейін сапасына қарамай ма?! Мына жақпен жүре алмайсың, асфальт көліктің дөңгелегіне жабысады. Жүргім де келмейді осы көшемен", – дейді тағы бір тұрғын Жарқынбек Шайықов. 

Ал қала әкімдігіндегілер бұл жағдайды сапасыз жұмыс деп есептемейді екен. Жаңа көшелердің битум қабатының еруін аптап ыстыққа сілтеп, жайбарақат отыр.

"Сапасыз деп те айтуға болмайды. Қайта қалпына келтіреміз. Кепілдік мерзімі бар ғой. Онымен қоса қазір соттың қарауында. Соттың шешіміне сәйкес тиісті шешімдер қабылданатын болады", – дейді Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Дінмұхамед Сырлыбаев.

Шайыры сағызша аяққа жабысқан қала көшелерінің тек біреуін ғана мердігер қайта жөндейтін болып келісіпті. Ал батпақтан әзер құтылып, енді еріген асфальтқа батып жатқан басқа да көше тұрғындарының мәселесі қашан шешілетіні әзірге белгісіз.

Талқылау