Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар оқиғасынан кейін "заңсыз қудаланған" ақтөбелік кәсіпкер мемлекеттен 3,5 млн теңге өтемақы өндіріп алды

Ақтөбе соты қаңтар оқиғасынан соң қылмыстық қудалауға ұшыраған жергілікті тұрғын Асланбек Омаровқа 3,5 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарды. Сот оның талабын ішінара қанағаттандырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: www.azattyq.org 

Алайда Асланбек Омаров сот шешіміне қанағаттанбады, дегенмен апелляция алқасына жүгінбейтінін де айтты.

“3 млн теңге – бұл моральдық шығын, 500 мыңы – адвокатқа кеткен шығын деп [беріп отыр]. Бірақ бұл мені қанағаттандырған жоқ. Өйткені мен 1,5 жыл ішінде көрген азабым, түрме бар, үйқамақ бар. Бизнесімнен айрылып қалдым. Өтемақы оны ақтамайды. Бірақ мен оны әрі қарай қуып, апелляцияға жазбаймын. Бұл мен үшін жеңіс деп есептеймін. Үкіметтің өзінің кінәлі екенін мойындап тұрғаны сол мен үшін жеңіс. Мен ақша үшін алаңға шыққан жоқпын. Бәрі көрсін, білсін деп шағым бердім”,– деді Асланбек Омаров.

2022 жылғы 9 қаңтар күні ұсталып, төрт ай тергеу изоляторында, бес ай үйқамақта, тағы бес ай ешқайда шықпау туралы қолхатпен жүрген Асланбек Омаров мемлекеттен 40 млн теңге талап еткен еді.

Айта кетейік, жеке кәсіпкер Асланбек Омаровты тергеу Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру" бабымен деп айыптаған. Бірақ оған дәлел табылмай, Омаров "Жаппай тәртіпсіздікке қатысушы" ретінде сотқа тартылған.

Ақтөбе соты Қаңтардан кейін істі болған 18 адамның екеуі, яғни Асланбек Омаров пен Ернұр Әжниязовты биыл 2 ақпанда толық ақтап шықты.

Талқылау