Тәртіп сақшылары Қаңтар оқиғасы кезінде тәркіленген қару-жарақты сатып жатыр: Полиция желідегі ақпаратқа түсініктеме берді
Алматы полиция департаменті қару-жарақ сату туралы ақпаратқа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ұлттық қауіпсіздік қызметінің баспасөзі
Желіде полицейлер қаңтар оқиғасы кезінде тәркіленген 27-ден астам атыс қаруын сатып жатқаны туралы ақпарат тарады. Сонымен бірге тәртіп сақшыларының бірінің қашып кеткені жөнінде айтылды.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Департаменттің жеке қауіпсіздік басқармасы тексеру барысында 2023 жылғы қылмыстық істер бойынша тәркіленген және сатып алу акциясы кезінде халық тапсырған қарулардың толық өткізілмегенін анықтады. Қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды", – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік қызметі Алматыдан Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтарды тапқанын мәлімдеді. “Калашников" автоматтарын, тапаншалар мен мылтықтарды қоса алғанда 30 қару-жарақ, сонымен бірге 5 граната, 10 түтіндету құтысы және түрлі калибрдегі 221 патрон алынған.