"Қанағатсыз адамдар": Қызылордада мұнайшылар жалақыларын өсіруді талап етіп, Тоқаевқа үндеу жолдады
Қызылордадағы "ПетроҚазақстан" АҚ жұмысшылары Facebook әлеуметтік желісі арқылы қазіргі айлықтары төмен екенін айтып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына екінші мәрте бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін үстіміздегі жылдың 15 ақпанындағы алғашқы бейнеүндеуінде "Петро Қазақстан" АҚ жұмысшылары жалақыларын 50 пайызға көтеру қажеттігін мәлімдеген болатын. Мұнайшылардың айтуынша, соның негізінде 1 наурызда жұмыс берушілер, жұмысшылар және жергілікті атқарушы билік өкілдері арасында үш жақты жиын өткізілген.
Сол жиында жергілікті басшылық құрам жұмысшылардың қойып отырған талабының шешімі "Петро Қазақстан" АҚ-ның құзыретінде екені айтылып, бұл мәселені шешу үшін 23-наурызға дейінгі мерзімге уақыт беруін сұраған еді.
Нәтижесінде 24 наурызда компанияның Алматы қаласындағы бас кеңсесінде компания президенті бастаған топ кәсіподақ төрайымы бастаған жұмысшылар тобын қарсы алып, жиын өткізеді. Осы жиында жұмысшылардың жалақысын 50 пайызға дейін көтеру мәселесі қаралмайтынын, бұл мәселенің күн тәртібінде өзектілігі жоқтығы нақты айтылып, компания басшылығы тарапынан ресми хатпен таныстырылған.
Тіпті жұмысшылардың талабын бұрмалап, "кейбір қанағатсыз адамдар" деген теңеу білдіріп, түрлі категорияға бөліп тастағанын жұмысшылар ашына жеткізді. Нақты қойылған сұрақтарға да мардымды жауап ала алмағанын айтқан мұнай саласының жұмысшылары өз талаптары қанағаттанарлық шешімін таппағаннын ашық мәлімдеп отыр.
Осы мәселенің ақ-қарасын нақтылау мақсатында мұнай компаниясының Қызылорда қаласындағы кеңсесіне хабарластық. "ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз" АҚ менеджері Ақтолқын Сұлтангереева басшылық тарапынан аталмыш мәселе төңірегінде хабардар екендерін жеткізді.
“Жұмысшылардың талаптарымен компания хабардар. Әрі олардың талабы ескерусіз қалмақ емес. Бұл мәселе әлі қаралу үстінде. Келесі аптада компания басшысы мен қызметкерлер арасында кездесу өткізу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде бұл мәселенің оңды шешілуіне үміт артамыз”, -деді Ақтолқын Сұлтангереева өз сөзінде.
Ал ашынған наразы топ ел Президентінен өздері баяндап өткен мәселенің әділетті шешілуіне тікелей ықпал етуін сұрап отыр.
Дайындаған: Ербақыт Жалғасбаев