"Қалай ғана сыяды денең көрге": Қазақ ақыны Бейсен Құранбекке өлең арнады
Қазақ ақыны Ұларбек Дәбей танымал тележүргізуші Бейсен Құранбектің қазасына қайғырып, көңіл айтты. Тележүргізушінің рухына арнап өлең жазды.
Сенбеймін!
«Сізді өлді» дегендерге,
Қауесетке, жоқтауға, өлеңдерге.
Қайғысындай қазақтың –
Қайран тұлғаң,
Қалай ғана сияды денең көрге?
Достым:
«Ол енді жоқ» деп айта көрме,
Терең бір ағыстар да қайтады өрге.
Бар-дағы басын сүйе Алашыңның,
Бар-дағы «Жылама!» де байтақ елге.
Жоқ!..
Жазбаймын, Ол жайлы хабар жаман,
Күннің жүзін қарашы талаураған!
Қасиеті ол – Қазақтың тоналмаған,
Зұлпыхарың еді ол – жоғалмаған!
Арасынан кіл дана, даралардың,
Мен оны Мәңгілікке санағанмын.
ЖЕРден ұзақ бір жерге бара тұрам,
Қазасы ескіргенше Нар ағамның!..
Бейсен Құранбек көз жұмды - Stan.kz ұжымы да танымал журналистің отбасына көңіл айтады.
Бейсен Құранбек бір жылдан бері аты жаман аурумен күресіп келді. 49 жасында Талдықорғанда көз жұмды. Желідегі көпшілік, танымал жандар, өнер иелері марқұмның отбасына көңіл айтып, иман-саламат тілеп жатыр.