"Қабырғадағы жарықтан келесі бөлме көрінеді": Қызылордада мемлекеттік бағдарламамен берілген үй құлаудың алдында тұр
Қызылордада алты жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен берілген көпқабатты үй құлаудың алдында тұр. Бірнеше пәтердің ішкі қабырғаларындағы адам қолы сиятындай жарықтар пайда болған. Тұрғындардың айтуынша, жарықтар күн өткен сайын үлкейіп бара жатыр. Ал әкімдікке қанша арызданса да бұған дейін жауаптылардың бір де біреуі мұнда халықтың жағдайын келіп көрмепті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Тұрғындар үйдің қабырғасы құлап кете ме деп қорқады. Осыдан екі ай бұрын су құбыры жарылып, көпқабатты үйдің астына су кеткен екен. Айтуларынша, содан бастап пәтерлердің едендері төмен түсіп, ішкі жақтан жарықтар пайда болған. Қазір жарықтардың үлкейіп кеткені сонша, бір бөлмеде тұрып, келесі бөлмені анық көруге болады.
Тіпті қазір көпқабатты үйге кіреберіс қабырғалар да жарыла бастаған. Тұрғындар әу бастан-ақ әкімдікке мәселені айтып, арызданып бірнеше рет барыпты. Алайда бірде-бірі келіп, жағдайды өз көздерімен көрмеді деп ашынады.
“Біздің қабырғаны есік қана ұстап тұр. Оны алып тастаса қабырға құлайды. Осы жердегі тұрғындармен арыз жазғанбыз. Әлі жауап жоқ”, – деді тұрғын Роза Афанасива.
Бұған дейін мұнда аттап баспаған әкімдіктегілер қауіпті үйдің қазіргі күйіне өздері де куә болды. Алайда қала әкімінің орынбасары жауап беруді кейінге қалдырды.
Айта кету керек, бұл көп қабатты үй бұрын апатты үйдің тұрғындары ретінде кезекке тұрған жандарға берілген.