Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұбайымның кесірінен есірткіге тәуелді болдым": Есірткінің шырмауына түсіп, онымен күресіп жатқан қазақстандықтар оқиғаларымен бөлісті

Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған деректерге сенсек, соңғы 10 жылда есірткінің шырмауына түскендердің саны 22%-ға артқан. Әлем бойынша есірткі тұтынатын адамдардың саны 275 милионнан асып жығылады. Ал жыл сайын одан жарты миллионнан аса адам көз жұмады. Қазақстанда есірткіге тәуелділіктен арылуға көмектесетін 17 орталық бар. Мұнда қазақстандықтар тегін ем қабылдай алады. Солардың бірі – Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы. Stan.kz тілшісі орталықтың емделушілерімен әңгімелесіп, олардың оқиғаларын назарларыңызға ұсынады. 

Самат (кейіпкердің өтіншімен өзгертілген – ред.) есімді алғашқы кейіпкеріміз бала кезінде есірткі, героин шприц, екпе, сияқты дүниелерден қорыққанын айтады. Сол себепті бойын мұндай зиянды заттардан аулақ ұстауға барынша тырысқан. Алайда танысының сөзіне еріп, есірткінің жетегінде қалай кеткен білмей қалған. 

“Ең алғаш есірткінің екі түрін де достарымның ұсынысымен қолдандым”

"Менің үй жағымда бір бұзықтау таныс бала бар еді. Өзім ұялшақ әрі жасқаншақ жасөспірім болғандықтан, оның пысықтығы мен өзін еркін ұстау қасиетіне қарап қызығатынмын. Бір күні ол маған марихуана ұсынды. Балалық қызығушылықпен және сол өзгелердің алдында өзімді сенімді ұстау үшін марихуананы алғаш рет сол кезде шегіп көрдім. Өзіме ұнағандай болды.

Алайда ол кезде мен 16-17 жаста едім, көңілім әр нәрсеге ауып, тек белгілі бір уақыт аралығында сирек пайдаланатын едім. Бәлкім, сондықтан болар оның денсаулығыма залалы мен тәуелділікті байқай қоймадым", – дейді Самат. 

Сөзінше, ол марихуананы студент шағында жиі қолдана бастапты. Тіпті ұйықтаса да, ояу жүрсе де есірткі шөпті аңсайтындай жағдайға жетіпті. Өзінің теріс жолға түскенін ұғынған ол бұл әдетінен арылуға бекініпті. Алайда бір есірткінің құрығынан екіншісіне қалай тап болғанын өзі де білмей қалған. 

"Үй жақта компьютерлік клуб болатын, сол жаққа жиі барып тұрушы едім. Оның ішінде жай компьютерлік залдан бөлек құпия бөлме болды. Мұнда келген сайын сол құпия бөлмеге адамдардың ақша төлеп, кіріп жатқанын көретінмін. Ол жерге көбіне жағдайы жақсы, ауқатты балалар кіріп жүретін. Кейін досымның да сол бөлмеге қызығушылығы оянып, маған кірейік деп ұсыныс тастады. Ол бөлменің ішінде тек “Playstation” ғана емес,  есірткі қолдануға болатынын білдік. Сол кезде есірткі ұсынғандар да табылды, алайда бас тартқан болатынмын", – дейді кейіпкеріміз.

Самат синтетикалық есірткіні де досының ұсынысымен бастапты. Алғашқыда таблетка түріндегісін пайдаланып жүрген ол уақыт өте келе мефедрон тұтынуға көшкен. 

"Арада бір жылдай уақыт өткен соң сүйіктіммен айрылыстым. Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Себебі онымен кездесіп жүрген шағымда мүлдем есірткі заттарына жоламаған едім. Бірақ айрылысуымыздың себебі есірткіге қатысты болмады. Айырылысқан соң өзімді тастап жібердім. Сол сәтте ойыма мефедрон түсіп, неге бір сәт көңілімді көтеріп, сыртқа шығып тынықпасқа деген ой келді. Сөйтіп түнгі клубқа барып мефедронды тағы да таттым. Одан кейін осы зиянды затқа деген тәуелділігім күн санап арта бастады. Сол жылы қыста өзімнің есірткіге жіпсіз байланғанымды түсіндім", –  дейді есірткінің жетегінде кеткен жігіт. 

“Анамның алтындарын, үйдегі компьютерді ұрлап сатып жібердім”

Есірткінің шырмауына түскен кейіпкеріміз қаражаты таусылған кезде анасының заттарын сатуға дейін барыпты. Айтуынша, құрдымға батып бара жатқанын білсе де, өз еркін басқара алмайтын деңгейге жеткен.

"Қарапайым адамдар таңертең жұмысына асығып, әр күнін тиімді өткізуді, жақындарымен араласуды, өмірді жақсы сүруді ойласа, нашақорлардың күні есірткіні қолданумен батып, таңы сол  есірткіні қайта сатып алу жолын іздеумен атады. Тәуелділік қысқанда мен үйден зат ұрлап сата бастадым. Мұндай қадамға менің екі рет баруыма тура келді. Ең бірінші үйдегі ноутбук пен анамның алтын білезігін саттым. Нашақор достарыма қосылып, бір апта үйге келмей кеттім. Анам хабарласқан кезде есірткіге мас күйі бар шындықты айтып беріппін. Алайда есірткі біткен соң барар жерім болмаған соң үйге қайта оралдым. Бұл кезде ата-анам кілттерді жаңартып, мені үйге кіргізбей қойды",  – дейді Самат. 

Сөзінше, ата-анасы ұлына наркологиялық орталықта жатып емделесің немесе әскерге барасың деп талап қойған. Жігіт екінші нұсқаны таңдаған көрінеді. Алайда тексеріс кезінде оның ауруға шалдыққаны анықталып, әскерге жарамсыз болып шыққан. 

"Үйге келіп, ата-анама есірткіге қайта жақындамайтынымдыды айтып,  өтініп, уәде бердім. Алайда берген уәдемді тек екі ай ғана ұстай алдым. Кейін соңғы рет үйден анамның картасынан ақша алып, тағы да есірткіге жұмсадым. Бірақ анама қоңырау шалып бәрін айтқаннан кейін, ол мүлде менімен байланысын үзді. Анам әлі де маған ренжулі",  –  дейді жігіт.

“Жақсы жар, ардақты әке атануды армандаймын”

Қазір Самат Павлодар қаласындағы республикалық зерттеу наркология орталығында ем алуда. Қателігін толықтай түсінген кейіпкеріміз емделіп шығып, өз мақсатын орындағысы келетінін жеткізді.  

"Өзімді ұстауға күш-жігерім жетпеді. Есірткі үшін таныстарыма хабарласып ақша сұрайтынмын. Осылай хабарласқан шағымда бір досым қалада есірткіге тәуелділікті емдейтін орталықтардың барын айтып, маған мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес берді. 

Қазір басты арманым – орталықтан емделіп шыққан соң отбасын құрып, жақсы жар, ардақты әке атану. Өмірден орынымды тауып, өзім секілді жағдайға тап болған жандарға қол ұшымды созсам деймін. Мәселен, біз осындай нашақорлықтан емдейтін орталыққа кеңесші болып жұмысқа орналаса аламыз.  Ал қате жолға түсіп кеткендерге бұл дертті уақытында алдын алу керек деп айтар едім. Кеш болмай тұрғанда есірткіге тәуелді адам екеніңді мойындап, өзіңді қабылдап, осы мәселеге қарсы тұруға шақырамын. Өйткені уақыт өткен сайын емделу өте қиынға соғатын болады. Ештеңеден қорықпай, ештеңеден ұялмай тез арада мамандардан көмек сұраған жөн",  – дейді кейіпкеріміз.

“Жолдасым есірткіге тәуелді етті”

Мектепте озат оқып, үлгілі оқушы болған Жанат (есімі өзгертілген – ред.) нашақор атанады деп ешкім ойламаса керек. 

"Сабағымды үздік бітіріп, колледжді де қызыл дипломға аяқтағанмын. Отбасымда әкемнің өзі құқық қорғау органында жұмыс істейді. Анам да әрқашан лайықты тәрбиесін беріп келді. Алайда жар таңдауда қателесіппін", – деп бастады сөзін кейіпкеріміз. 

Сөзінше, жүріп жүрген жігіті 17 жасында алып қашып, көп ұзамай Жанат келін атанады. Алғашында ол сүйіктісінің ерсі қылықтарын мүлдем байқамапты. 

"15 жасымнан бастап бір жігітпен кездесіп, сөйлесіп жүрдім. Екі жылдан кейін ол жігітпен арамызды үзуді шештім. Алайда сүйіктіммен айрылысқаннан кейін көп ұзамай ол мені алып қашты. Бұл кезде жасым 17-де еді. Қазақтың дәстүрі деп, барлығы жан-жақтан қыспаққа алған соң, мен ақырында сол үйде келін болып қалуға көндім. 

Бұған дейін онымен араласып жүрген соң оның неге қызығатынын, аздап ішімдік ішетінін, темекі шегетінін білетінмін. Бірақ жолдасымының есірткі тұтынатынын бір жылдан кейін бір-ақ білдім", – дейді ару. 

Жас жұбайлар көп ұзамай балалы болыпты. Бір күні Жанат жұбайының есірткі қолданып жатқан жерінен түскен. 

"Бірде дәретханада ешкім жоқ деп кіріп қалсам, күйеуім қағаздағы ұнтақты иіскеп тұр екен. Қай сасқанымды білмеймін, оның әлгі ісіне қызығып кетіп, мен де татып көрейінші деп сұрадым. Міне, солай алғаш рет есірткіні қолданып көрдім. Осылайша екі жылдай мефедрон қолдандым. Алғашқы жылы тек екі айда бір, сирек қолданатынмын. Кейін екінші баламды дүниеге әкелген соң, жұбайыммен бірге “скорость” шеге бастадық. Сол кезден бастап есірткіге шындап тәуелді болдым. Есірткі бітіп қалса, көңіл күйім түсіп, бірнәрсе істеуге еш құлқым соқпай жатып қалатынмын. Паранойя, галлюцинация пайда бола бастады. Психикамның бұзылып, қолымды, білегімді кесе бастадым. Өзімді іштей нашақор сезініп, тәуелділігімді баса алмайтынымды түсініп, өмір сүргім келмеді. Өмірден түңіліп кеттім", – дейді Жанат.  

“Жақындарымыз сезіктене бастады”

Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек, жақындары жолдасы екеуінің жүрістерінен сезіктене бастапты. Арудың есірткі қолданып жүргенін алғаш болып оның анасы біліп қойған көрінеді. 

"Енем бізден күдіктеніп жүргендей болатын. Себебі жұбайым екеуміздің әрқашанда тәбетіміз болмай, ас ішпейтінбіз. Алайда есірткі деп ойламаса керек. Анам менің қатты арықтап кеткенімді бір күні байқап қойды. Отбасымда бір жағдай болып қалды деп уайымдап, түрлі сұрақтар қоя бастады. Бір күні моншада есірткі қолданып отырғанымды анам көріп қойды. Осы оқиғадан соң мені анам ақылы түрде емдейтін түрлі орталықтарға жатқызды", –  деп қосты ол. 
Қазір Жанат есірткіге тәуелділігінен арылу үшін осымен тоғызыншы рет емделу орталығына жүгінген. Жолдасымен ажырасып кеткенін айтқан ол балаларынан айырылып қаламын ба деп қорқатынын жеткізді. 

"Осы күнге дейін өзімді нашақормын деп мойындамадым. Есірткіні тамырларына жіберетіндер ғана нашақор болады деп ойлайтынмын. Ал өз ауруыңды мойындамасаң, емделу де ауырлыққа түседі. Бастысы, емнің көмегі тиіп, есірткіге тәуелділіктен арылып, балаларымның жанына оралғым келеді", –  дейді кейіпкеріміз. 

ҚР денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ел бойынша жеті өңірде 17 медициналық сауықтыру орталықтары жұмыс істеуде. Олардың бәрі тегін қызмет көрсетеді. Ведомство жыл соңына дейін барлық өңірлерде медициналық-санитарлық оңалтудың үшінші кезеңі жұмыс істейтінін жеткізді.

Айта кетсек, елімізде дәл қазіргі уақытта 18 264 адам нашақорлық бойынша тіркеуде тұр. Олардың ішінде Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында 110 науқас ем алуда. 

Талқылау